Оралда жаңа оқу жылына он күн қалғанда бір мектеп жөндеуге жабылды
Алайда оқу процесі тоқтатылмайды
Оралдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларының ата-аналары ұл-қызын қайда орналастырарын білмей жүр. Өйткені білім ордасы жаңа оқу жылына 2 апта қалғанда күрделі жөндеуге жабылыпты. Бұл жағдай әсіресе ауылдықтарға ауыр тиді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Уатсап желісі арқылы бізге хабарлама жіберді. Балаларыңызға жататын орын таба беріңіздер. Саншколдың интернаты дайын емес деді. Жатқызатын жерім жоқ. Ақжайық ауданынан келіп тұрмын. Сонда менің қызым қайда оқиды? Мысалы, осы кезге дейін мен күн сайын пітерді жалға алып отырмын», - дейді ата-аналардың бірі Ләззат Дүйсенғалиева.
Ал білім саласына жауапты шенеуніктер балалар далада қалмайды, басқа мектепке орналастырамыз деп сендіреді. Тендердегі кілтипандарға байланысты жөндеу жаз ортасынан асқанда басталғанымен, мектепті қараша айында пайдалануға береміз дейді.
«Конкурстық процедуралар өтуіне байланысты жаз айында мердігер анықталып, келісімшартқа отыру шаралары өтіп, тек шілде айында жұмыстар басталды. Сондықтан оқу жылының басында мектеп дайын болмайды. Алайда оқу процесі тоқтатылмайды. Басқа жерде қолайлы жағдай жасалады, оқу процесі ұйымдастырылады. 200 баланы интернатқа қажеттілігі болған жағдайда міндетті түрлі интернатқа орналастырып оқытатын боламыз», - деді БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Ғұмарова.
Дауға қалған мектеп Қарашығанақ кенішін игеруші инвестордың әлеуметтік жобалары аясында жөнделеді. Компания бұл іске 900 млн теңге бөліпті.