Мені ауруханаға жұмысқа алатын директор табылса, қуана келісемін – вице-министр
Шенеунік хирург болып жұмыс істеген кездерін сағынатынын жасырмады
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ауруханаға хирург ретінде жұмысқа тұруға қарсы емес екенін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сіз Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарып тұрғанда, демалыс күндері ауруханаға барып, хирург ретінде пациенттермен кездесіп, ота жасайтын едіңіз. Қазір осындай жоғары лауазымды атқарып, практиканы қатар алып жүре аласыз ба? Сол кездегі практикалық қызметіңізді сағынасыз ба?», - деп сұрақ қойды журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
«Біріншіден, заң бойынша менің басқа қызметті қатар алып жүруге құқығым жоқ. Егер менің қолымнан келсе, өкінішке қарай, қазір уақытым да көп емес. Егер Астанада вице-министрді хирург ретінде жұмысқа қабылдайтын аурухана директоры табылса, мен қуана келісемін. Әрине, операция жасағым келеді», - деп жауап берді Нұрлыбаев.
Ержан Нұрлыбаев 2014-2021 жылдары Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. Ал бір ай бұрын ол денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Айта кетейік, күні кеше біз денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасын басқарып тұрған кезде дәрігерлердің салғырттығынан қаза тапқан азаматтың туыстары әділдік іздеп жүргенін жазғамыз.