45 келіншек оқыды: ҚАЖК түрмеде білім алған әйелдерді «дипломмен бостандыққа» жібермек
Олар Петропавл кәсіптік колледжін бітірген
Солтүстік Қазақстан облысында орташа қауіпсіздіктегі №50 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 45 әйелге салтанатты түрде диплом табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталғандар Петропавл кәсіптік колледжінде әрлеу құрылыс жұмыстарының шебері, тігінші және сәнгер-пішуші кәсіптерін меңгерген. Оқу жылы ішінде сотталғандар теориялық материалды игеріп, электр жабдықтарын, тігін ережелерін, қауіпсіздік техникасын оқып, содан кейін практикалық сабақтарға кірісті.
Бір қызығы, бұл ақпаратты таратқан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі «Дипломмен бостандыққа» деген екіұдай мағынадағы тақырып қойған. Бір қарағанда, Қазақстанда бар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының плагиатына ұқсайды, екінші қарағанда сотталған әйелдерді келеке қылып тұрғандай көрінеді. Бәлкім, бұл Қылмыстық атқару жүйесінің сәтсіз аудармасы болуы да мүмкін.
«Бұл мамандықтар – қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде де, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие. Сондықтан сотталғандар да осы мамандықтарға қызығушылық танытқан. Бұған қоса, орта кәсіптік білім алуға және кәсіп оқуға деген оң көзқарас сотталғанның мінез-құлық дәрежесін анықтау кезінде де ескеріледі», - атап өтті №50 мекеме бастығының орынбасары Оксана Вышар.
Диплом алған әйелдер түрмеде білім алуға мүмкіндік бергені үшін колледж басшылығы мен оқытушыларға алғыс айтты.
«Бүгін мен өзімнің алғашқы дипломымды алдым. Мектепті ғана бітірген соң, мен үшін бұл өте маңызды күн. Мекеме қызметкерлеріне өмірімнің осы қиын кезеңін тиімді өткізуге мүмкіндік бергені үшін ризамын. Осы жерде дұрыс тіге білуді үйрендім. Бостандықта мені жұбайым мен екі кішкентай балам күтіп жүр. Енді босап шыққаннан кейін осы дипломмен жұмысқа тұра аламын», – деді Надежда.
Айта кетері, алдағы оқу жылына Петропавл кәсіптік колледжі бес мамандық бойынша сотталған 90 студентті қабылдады.
СҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, оқу бағдарламасы мен дипломдардың қарапайым колледждерден еш айырмашылығы жоқ және тегін жүзеге асырылады. Ал сотталғандар үшін білім алу өте маңызды, өйткені бостандыққа шыққаннан кейін олар жұмысқа орналаса алады.