Жеті айда Қазақстанда 198,5 мың тұрғын жұмысынан айырылды

Молдатай Сымбат

Олар МӘСҚ-тен жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды

Жеті айда Қазақстанда 198,5 мың тұрғын жұмысынан айырылды
Фото: gov.kz

2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты 198,5 мың адам әлеуметтік төлем алды. Төлемдердің жалпы сомасы – 46,5 млрд теңге, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұл ретте биыл 148,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер ала алады. Бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты есептеледі. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

  • eGov.kz порталында авторизациялану;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
  • бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

«Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады», - деп түсіндірді министрлік.

МӘСҚ қаражаты жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.