Жер беруден бас тартқан Риддер әкімін жергілікті тұрғын сот арқылы жеңді

Молдатай Сымбат

Әйел мал жаю және шабындық үшін 65 гектар жер сұраған

Жер беруден бас тартқан Риддер әкімін жергілікті тұрғын сот арқылы жеңді
Фото: istockphoto.com

Риддер тұрғынының мал жаю және шабындық үшін сұраған жер теліміне қатысты дауға Жоғарғы Сот нүкте қойды. Жер комиссиясы қабылдаған шешім негізсіз деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті тұрғын Риддер әкіміне Коперечное ауылында мал жаю үшін 50 га және шабындық үшін 15 га учаскесін сұраған. Алайда, әкім жер комиссиясының шешіміне сілтеме жасап, одан бас тартқан. Бұған наразы әйел сотқа жүгінді.

«Бірінші сатыдағы сот комиссияға мынаны атап көрсетті: әкімшілік актінің негізсіздігі (ӘРПК-тің 79-бабы), талап қоюшының екі арызын қарау және екі хаттамалық шешім қабылдау кезінде жер комиссиясы мүшелерінің бір дауысқа ие болуы, бұл да заңға қайшы келеді. Яғни, бұл жағдайда жер комиссиясы талап қоюшының арызын қандай негізде қабылдамағанын анықтау мүмкін емес. Дауыс беру тәртібінің бұзылуына, жер комиссиясы мүшелерінің қорытындылары мен хаттама мазмұнының сәйкес келмеуіне, бас тартуға негіздердің болмауына және хаттамада түпкілікті шешімнің болмауына назар аударылды», - деп түсіндірді сотта.

Іс Жоғарғы сотқа жеткен. Риддер әкімі мен салалық аудандық бөлім өкілдері жер комиссиясының хаттамалық шешімінің заңсыздығын мойындады. Енді жер комиссиясы мәселені қайта қарайды.

«Жер комиссиясының оң қорытындысы болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органға міндеттер жүктеу қате болып табылады. Себебі, арыздарды шешудің заңнамалық рәсімдері бар. Жоғарғы Сот әкімнің қолайлы әкімшілік актіні қабылдау міндетіне қатысты сот шешімін қоспағанда, жергілікті соттардың шешімдерін күшінде қалдырды», - деп хабарлады Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.