Кемі 3-4 млн теңгеге сатқан: Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған оқушының ісін кімдер жасырған
Күдіктілер қазір үй қамақта отыр
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева сот шешімі бойынша тергеу әрекеттері кезінде кәмелетке толмаған күдіктілер үй қамақта болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.
«Аймақтық комиссар полиция департаменті және білім басқармасының өкілдерін тарта отырып, осы оқиға бойынша жұмыс істейді. Зардап шеккен қызға медициналық, психологиялық көмек көрсетуді аймақтық комиссар ұйымдастырады. Оқушы қыз психологпен кездескен, бірақ, кейін психологқа келе алмай қалды. Сенбі күні таңертең ерте аймақтық комиссар қыздың денсаулығына байланысты анасымен сөйлесіп, денсаулық сақтау басқармасының орынбасарына медициналық көмек көрсету туралы жүгінді. Тергеу әрекеттерін жүргізудің толықтығын қамтамасыз ету Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен ішкі істер министрлігінің бақылауында болады», - деді ол.
Ал, «НеМолчи» қоры таратқан баспасөз хабарламасында осы оқушы мен оны бопсалаған сыныптастары жайлы жаға ұстатар жайттар белгілі болды: Қызылордадағы оқушылар жарты жыл бойы сыныптасын жыныстық құлдықта ұстаған. Қыздың тәнін саудалай отырып олар айына кемі екі-үш миллион теңге (4000 $– 6000 $) табыс тапқан деп мәлім етті қордың өкілдері.
Алты ай бойы бір топ адам қызға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, қорқытқан.
Мектеп оқушылары «біреуге тіс жарсаң, Астанадағы «көкелерімізге айтып, әке-шешеңді өлтіртеміз» деп қызды қорқытқан. Сондықтан ол ешкімге өзінің басындағы жағдайды айта алмаған.
«Полиция, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектор, мектеп басшылығы қызды іздеудің орнына, бұл отбасының әлеуметтік жағдайы нашар деп шешіп, ата-анасын ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан. Мектеп басшылығы мен педагогтар уәкілетті органдардан оқушының сабаққа қатыспағанын жасырып, емтихандар бойынша жалған баға қойған. Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ҚР ҚК-нің 134-бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын растады», - деп хабарлайды «Немолчи.кз» қоғамдық қоры.
Еске салсақ, Қызылорда облысында жас қызды сыныптастары жарты жыл құлдықта ұстап, жезөкшелікке салғаны қазір елде резонанс тудырған жағдайға айналды. Редакция осы істі назарда ұстайды.