$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Таза бейсенбі»: AMANAT партиясы ел бойынша тазалық жұмыстарын күшейтті

Бүгінге дейін партия мүшелері 6 мың тоннаға жуық қоқыс жинады

«Таза бейсенбі»: AMANAT партиясы ел бойынша тазалық жұмыстарын күшейтті
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акция аясында партия мүшелері мен еріктілер қауымы әр бейсенбі сайын елді мекендерде тазалық жұмысын өткізіп, табиғатты қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарда абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

6 маусымнан бастап аманаттықтар және белсенділер тобы жол бойындағы аумақтар, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны абаттандыруға күш салуда. Бүгінге дейін партия мүшелері 6 мың тоннаға жуық қоқыс жинады, ал ел бойынша акцияға 43 мың адам қатысты. Сондай-ақ 100-ден астам өзен, көл және су айдыны қоқыстан тазартылды.

Ұлытау облысында аманаттықтар мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бүгін Жезқазған қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңын күл-қоқыстан тазалады. Ал Ұлытау ауданының тұрғындары партияның аудандық филиалының қызметкерлерімен бірге Халықтар тұтастығы мен бірлігі монументі маңайында тазалау жұмысын жүргізді.

«Біз үшін «Таза бейсенбі» акциясына қатысу – тек қана тазалық жұмыстарын жүргізу емес, сонымен қатар қоршаған ортаға қамқорлық танытып, қоғамымызға үлес қосу. Әр бейсенбі сайын, біз бірлесіп, өзіміздің туған жерімізді тазартып, келер ұрпаққа таза табиғат қалдыруға тырысамыз. Бұл жоба арқылы адамдардың экологиялық жауапкершілігі артып, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгеретініне сенемін», - деді акцияға қатысушы волонтер Дамира Есмұратова.

Игі істен «AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да шет қалған жоқ. Мұнда облыстық партия мүшлері, еріктілер және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Явленка ауылының маңындағы Есіл өзенінің айналасын күл-қоқыстан тазартты. Акцияға қатысушылар 1 тоннадан астам қоқыс жинады.

Ал Жамбыл облысында іс-шараға қатысушылар Байзақ ауданындағы «Даңғыл ата» кесенесінің маңын тазалады. Экоакцияға партияластардан  бөлек, аудан басшылары мен депутаттар қатысты.

«Іс-шара барысында Бурыл ауылдық округіндегі «Даңғыл ата» кесенесі маңын тазалап, айналасын абаттандырдық. Сондай-ақ Бурыл төбесі аймағындағы қоқыстарды жинадық. Баршаңызды тазалықты сақтауға және тазалық жұмыстарын бірге жүргізуге шақырамыз», - деді партияның Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева.

Сонымен қатар Қарағанды облысы Саран қаласында партияластардың күшімен Жеңіс монументінің алаңын тазарту ұйымдастырылды. Саябақ аумағын ретке келтіруге 130 адам атсалысты.

Ұқсас іс-шаралар елдің басқа өңірлерінде де өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді. Жалпы акция экологиялық мәдениетті арттырып, еліміздің әрбір азаматын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыруды көздейді.

Серіктес жаңалықтары