$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында қандай өңірлер қаржыландырылды

Ауыл тұрғындарына 7 жылда 1 трлн теңге бөлу жоспарланған

«Ауыл аманаты» жобасы аясында қандай өңірлер қаржыландырылды
Фото: «AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметінен

«АМАNАТ» партиясының бастамасымен 2023 жылдың қаңтарында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бүгінде жоба бойынша мыңдаған ауыл тұрғывны несие алып, шаруа қожалықтарын дамытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы іске қосылған болатын.

Ақтөбе облысы Қазақстанда бірінші болып жобаны жүзеге асыруға кірісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен еді.

Бірінші кезеңде облыстың 24 ауылдық округінде 2700-ден астам жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсаттарға 3 миллиард теңге бөлінді. Жобаның ерекшелігі- қолма-қол ақшамен қатар тауарлық несие беру. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы есебінен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары несиені алған төлімен қайтарады. Бүгінгі таңда 42 жеке шаруашылыққа 650 бас ірі қара мал берілді. «Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінеді. 

Осы және басқа да шараларды қабылдау нәтижесінде қазірдің өзінде 2023 жылы облысты отандық құс етімен қамтамасыз ету 31%-ға, 2024 жылы - 64%-ға, ал 2025 жылы 100%-ға дейін артады.

Жалпы, жоба импортты кезең-кезеңімен қысқартуға, ішкі нарықты өз өндірісінің тауарларымен толтыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда облыстың барлық ауылдарында жобаны қамту үшін қосымша 58,6 млрд теңге қажет болды.

Алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Оны жүзеге асыруға 2023 жылы 52 миллиард теңге бөлінген. Партия жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және қаржы бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе ашылды.

Сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырылды.

Бұл бойынша ауыл шаруашылығы мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері ауылдық округтерге ауқымды скрининг жүргізген болатын. Скрининг нәтижелері бойынша әр елді мекеннің бағыты анықталып, цифрлық платформа әзірленді.

Мәселен, Ақтөбе  облысындағы өзекті мәселелердің бірі – импортқа тәуелділік. Сондықтан әрі қарай бірқатар бағыт бойынша өнім өндіру қолға алынбақ. Мәселен, мал шаруашылығы бойынша 2,5 мыңнан аса, өсімдік шаруашылығы бойныша 264, құс шаруашылығы бойынша 285 жоба ұсынылып отыр. 

Тұрғындардың табысын арттыру бағдарламасы өңірде жұмыссыздар санын 1 210-ға, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарын 157 адамға қысқартуға жол ашты.

Батыс Қазақстан облысы да өз тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ниетті. Өңір басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың сөзінше, қазірде өңір өзін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сегіз түрімен толық қамтып отыр. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен азық-түліктің тағы жеті түрі бойынша көрсеткіштерді жақсаруды көздеп отыр.

Жоба аясында бастапқыда қаржы көбіне шикізат базасын құруға бағытталмақ болған, енді аймақ қайта өңдеуге басымдық бермек. Келер жылға облыс сомасы 8 млрд теңге болатын 1 345 жоба жоспарлап отыр. Оның басым бөлігін мал мен құс шаруашылығына бағыттау көзделіп отыр. 

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша алынған әр малға чип орнатылуы керек. Осылайша, қаражатты мақсатына сай пайдалану жағы бақылауда болмақ. Елді мекендер арасындағы қашықтықты ескере отырып, ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуетін тиімді пайдалануға көмектеседі.

Түркістан облысының жоспары сәл өзгеше. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 64 ауылдық округ қатысқан. Аралық нәтижелерге сәйкес 3,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан 340 адам шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 19 жаңа нысан ашылып, 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Азаматтардың өз кәсібін ашуына 120-дан аса жоба мақұлданды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының сөзінше, келесі кезеңде басқа елді мекендерді қарастыру көзделген. Шикізатты қайта өңдейтін зәкірлік жобаларды құруға баса назар аударылатын болады.

Сонымен қатар кеңес барысында несиеге кепілдік беру, өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту мәселелері қозғалды. Олардың барлығын мүдделі мемлекеттік органдар қарайтын болады.

«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:
1) Өңдеу саласына қатысты жобалар;
2) Өсімдік шаруашылығын дамыту;
3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;
4) мал шаруашылығын дамыту;
5) басқа бағыттағы бизнес жобалар;
Несиенің негізгі шарттары:
1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;
2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы - ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге) дейін;
3) сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды;
Несие талаптары:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.

Сонымен қатар Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін беріп жатыр. Бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарланып отыр.

2019-2022 жылдары аралығында аталған бағдарламаға 18,3 млрд теңге қаржы қарастырылып, 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

2023 жылы облыстың 10 ауданындағы 38 округке 24 млрд теңге бөлінді. Бүгінге 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 млрд теңгеге 17 мың жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленуде. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ. 

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру ыңғайсыздық тудыруда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.

«Өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңбасы арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады. «Ауыл аманаты» арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады», — деді Бағлан Бекбауов.

Электронды жүйені Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр.

«Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет. Сондықтан берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады. Сондықтан аймақтар бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауы шарт», — деген еді Тамара Дүйсенова жобаны әзірлеу бастамасында.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400-ден аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. 319 кооператив 6,7 млрд теңге көлемінде қаржы алды. Қазір елде кәсіпке бет бұрғандар көп.

Мысалы, былтыр Атырау облысында жалпы сомасы 1 млрд 504 млн теңге болатын 192 несие берілген. Ал, Қызылорда облысында 406 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Қайратбек Әбдіраман «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған кәсіпкер. 2,5%-пен 5 млн теңге несие алып, тігін цехын ашқан. Мақтадан иірілген жіпті Өзбекстаннан тасып, күніне 400 шұлық шығарады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында 406 жоба мақұлданып, 7 жүзден астасм жаңа жұмыс орыны ашылған. Ал Атырау облысында былтыр 192 жобаға 1 млрд 504 млн теңге қаржылық қолдау көрсетілген. 138 жеңілдетілген несие мал шаруашылығына, екеуі өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ шағын кәсіпті дамытуға 52 несие берілген.

Жоба аясында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өз бизнесін ашуға қаражат алған. Мал шаруашылығында 7 жылға дейін 2,5% несие екі жыл жеңілдік кезеңімен алған. Басқа бизнес салаларына 5 жылға дейін 1 жыл жеңілдік кезеңімен ақша алынған болатын.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастағандардың дені Құрманғазы, Индер және Қызылқоға аудандарында. Ал биыл облыста 761 млн теңгеге 80 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде 3 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеуден өткен. Алдағы уақытта жобаға қатысып, жұмысын бастайды.

Серіктес жаңалықтары