$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.07.2024, 09:49
Қоғам

Небары 19 жаста болған: Арқалықта туған Жәнібектің анасы баласын перзентханада ауыстырып алуы мүмкін

Келіншек перзентхана басшылығының атына қолхат жазып кеткен

Небары 19 жаста болған: Арқалықта туған Жәнібектің анасы баласын перзентханада ауыстырып алуы мүмкін
видеодан скриншот

Журналист Қымбат Досжан Бельгия азаматшасы асырап алған Жәнібек Савельевтің анасы болуы мүмкін әйелдің аты-жөнін жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қымбат Досжан өз жазбасында маңызды мәлімдеме жасаған: оның айтуынша, Жәнібектің туған анасы перзентханада баласын ауыстырып алуы мүмкін. Анықталғандай, Жәнібек сияқты сол перзентханада туған Данияр есімді бала да шет ел асып кеткен. Екеуі туу туралы куәліктерін бір күнде алып, бір күнде балалар үйіне тапсырылған. 
 

«Арқалық қалалық Полиция басқармасы және «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы Батталова Жанна Бекенқызы деген азаматқа іздеу жариялайды («Баталова» болуы да мүмкін). Архивтік құжаттарға сүйенсек, Жанна Батталова 2002 жылғы 12 қаңтар күні таңғы 9 сағ. 10 минутта Арқалық перзентханасында салмағы 2750 гр. бойы 53 см. ұл баланы дүниеге әкелген. Жанна Батталованың жасы 19-да болған, демек ол 1983 жылғы болуы мүмкін. Туған жері Атбасар, мекен-жайы: Победа көшесі 8-2. Жанна Батталова Арқалық кооперативтік техникумында немесе Педагогикалық училищесінде 2001-2002 жылдары оқыған болуы мүмкін. Жанна Батталованың ерекше белгісі — бір көзі қыли (сходящее косоглазие) деп жазылған. Жанна Батталова өмірге әкелген нәресте — Даниярды 2006 жылы америкалық отбасы асырап алған», - деп жазды Қымбат Досжан.

Журналистің айтуынша, келіншек үйіме барып келемін деп, перзентхананың сол кездегі бас дәрігері Үміт Молдашеваның атына қолхат жазып кеткен. Қолхатының соңында «егер мен осы уақыт ішінде оралмасам, баламды жетімдер үйіне тапсыруға қатысты шағымым болмайды» деп жазған.


«Енді негізгі сұрақ: біз неге Жанна Батталованы іздеп отырмыз? Жауабы: табылған мәліметтер арасында Даниярдың фотосы бар. Естеріңізге салсақ, Жәнібектің құжатында анасы деп жазылған «Жазира» былтыр желтоқсанда табылды. Ол әйел 2002 жылдың қаңтарында перзентханаға құжатсыз, жедел жәрдеммен барып, босанып, баланың есімін «Жәнібек» деп қойып, 4 күннен кейін дәрігерлерге аты-жөнін өтірік айтып, қолхат жазып, перзентханадан кетіп, сол күйі оралмаған, оны өзі мойындап отыр. Бірақ Жәнібек пен «Жазираның» ДНҚ анализ нәтижесі 0% болып шықты. Даниярдың фотосынан байқағанымыз: бала «Жазираға» ұқсайды. Қазіргі күдік: «Жазира» мен Жаннаның ұлдары ауысып кетуі мүмкін. Өйткені тергеушілердің зерттеу нәтижесі бойынша: Данияр мен Жәнібектің арасы 5 күн. Екі балаға да бір күнде Туу туралы куәлік алынып, екеуі де бір күнде Балалар үйіне өткізілген», - деп жазды Қымбат Досжан.

Естеріңізге сала кетейік, Жәнібекті асырап алған анасы жуырда ауыр науқастан кейін өзін әдейі ұйқыға жіберіп, көз жұмған болатын.

Серіктес жаңалықтары