Дерматология ғылыми орталығының басшысы Бауыржан Байсеркин ұсталды (ВИДЕО)
Сонымен қатар, оның орынбасары да күдікке ілінді
Республикалық Дерматология ғылыми орталығының басшысы Бауыржан Байсеркин мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының басшысы мен оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Олар медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқаны үшін халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының басшысынан 5 млн теңге сомасында пара алу бойынша күдікке ілінді. Соттың санкциясымен Орталықтың басшысы қамауға алынды», - деп хабарлады Антикор.
Айта кетерлігі, Бауыржан Байсеркин Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының басшысы қызметіне тағайындалғанға дейін ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Фото: dknews.kz