Қазақтар әуелден отбасы құндылығын бірінші орынға қойған – Аналар кеңесінің төрағасы Шолпан Өтегенова
Қосшы қаласының Аналар кеңесінде қазір 9 адам қоғамдық жұмыс атқарады

Ананың отбасы мен қоғамдағы рөлі өте маңызды. Құндылықтарымызды қайта жаңғыртушы, қамқоршы, ізгілендіруші. Әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербететін адам. Ана мемлекетіміздің дамуына жол салып, қоғамның ынтымағын, бірлігін нығайтатын – ұлы күш. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі біз айтып отырған мәселелерді қозғап жүрген іргелі ұйымның бірі. Осы ретте Қосшы қаласының Аналар кеңесі төрағасы Шолпан Өтегенова Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат беріп, қаладағы ұйымның тыныс-тіршілігі, жұмыстары мен бағыттары туралы кеңірек әңгімелеп берді.
– Қосшы қаласы Аналар кеңесінің негізгі жұмыстары туралы айтып берсеңіз?
– Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету. Оның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Сонымен қатар әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықарды, дәстүрлерді жаңғыртуға үнемі атсалысуға қатысып келеміз. Біз өзіміздің ұйым ұйтқы болатын түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, бірлігі мықты отбасыларды насихаттаймыз. Кеңестің негізгі жиындарында отбасылық ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүрлерді дамыту, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, масылдылықты жою мәселелері жан-жақты талқыланады. Ұйым қазір қоғамда күйіп тұрған мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске ерекше назар аударады. Себебі, отбасындағы жанжал үйдегі барлық адамның, балалардың психикасына, олардың дамуына кері әсерін тигізеді. Өткен жылы 25 қараша және 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» науқанына арнайы жоспар әзірлеп, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар кешенін өткіздік. Бұдан бөлек аталған тақырыпта дөңгелек үстелдер өтті. Аталған шараға Қосшы қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, «Ақ ниет – Қосшы» қоғамдық бірлестігі мен полиция бөлімінің мамандары, Аналар кеңесінің мүшелері және көпбалалы аналар қатысты. Мұндай бағыттағы шаралар жиі өтіп тұрады.
Бала отбасындағы маңызды адам. Оның болашағы елдің болашағы. Баланың дені сау, білімді болып өсуі аса маңызды. Білімді ұрпақ – біздің ертеңіміз, кемел болашағымыз. 1 маусым – Халықаралық балалаларды қорғау күніне орай көпбалалы отбасындағы және ата-анасыз қалған балаларға Қосшыдағы ойын сауық орталықтарында мерекелік көңілді ойындар және тосын сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық іс-шаралар өткіздік.
Республикалық Аналар кеңесінің басшысы Назипа Шанаи атап өткендей, кеңес алдына келесідей мақсат-міндеттер қойылған: бірінші міндет – өз елінің тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білетін мәдени толыққанды тұлғаны тәрбиелеу. Екінші міндет – этносаралық келісімді насихаттау, ұрпақ сабақтастығын нығайту және толерантты тұлға тәрбиелеу. Үшінші міндет – жастардың дұрыс кәсіби таңдау жасауына жол ашу. Осы айтылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға біз ұйым ретінде өзіміздің сәл де болсын үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын.
– Сіздердің қызметтеріңізге тағы басқа қандай салалар кіреді?
Аналар кеңесінің қызметі өмірдің барлық саласын қамтиды. Біздің қызметіміз білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие, отбасы құндылығы және жалпы адамдардың дұрыс қалыптасуын қамтамасыз ету. Қызметіміздің ауқымы өте кең деп айта аламын. Оның үстіне кез келген адам көмек алу үшін Аналар кеңесіне жүгіне алады. Осы орайда кеңес мүшелерінің өмірлік, кәсіби, отбасылық тәжірибелері көп септігін тигізеді. Аналар ұйымы қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыруға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін шешу бойынша орасан зор жұмыс жүргізіп келеді. Оның үстіне жыл өткен сайын аналардың отбасылық, рухани тәрбие мәселелеріне ат салысып, белсенді болуы артып келеді.
Біз ұрпақ тәрбиесінде отансүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды негізгі мақсат етіп алғанбыз. Өйткені, біз болашақ ұрпағымызды отбасынан, бала күнінен тәрбиелеуіміз керек екені сөзсіз. Сондықтан да адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандықты болашақ ұрпақ отбасынан алуы қажетсінеді. Ата-бабаларымыз баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Қайырымды бол», «Үлкенді сыйла», «Қолыңнан келсе жақсылық жаса» деп тәрбиелеген. Бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізіледі.
– Біреулерге жақсылық, табиғатқа қамқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Осы бағытта да жұмыстар жүйелі түрде өте ме?
Әрине, мүмкіндігінше мұқтаждарға көмек қолын созуға, үнемі қайырымдылық жасауға тырысамыз. Атап айтсам, осы жылы «Рамазан айы – қайырымдылық айы» шарасы аясында көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына азық -түлік себеті түрінде көмек көрсеттік. Сонымен қатар жыл сайын «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» акциясы бойынша Қосшы қаласындағы отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Балаларға мектепке керек құрал-жабдықтар мен киіммен берілді. Наурызнама-2024 аясында қайырымдылық күніне орай көпбалалы отбасындағы балаларға киімдер және ойыншықтар сыйға тарттық. Бұдан бөлік 1 қазан күні - Халықаралық қарттар күніне орай қаламыздың асыл қазыналарына қайырымдылық іс-шара өткізуге мұрындық болдық.
Сіздің сөзіңізден байқағаным, Кеңес жұмыстарында отбасы құндылықтарын дамытуға ерекше мән беріледі екен. Шындығын айту керек, қазір отбасындағы зорлық-зомбылық, қатігездік қоғамның дерті болып кетті...
Қазір біз жылдам өзгеріп жатқан заманда, қоғамда, дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Құндылықтар үнемі өзгеріске түсіп, түрлі бағыттарға дамып жатыр. Бүгін құнды болған дүние уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін жойып барады. Алайда осы жерде бір өзгермейтін және құндылығын жоғалтпауы тиіс дүние – ол отбасы деп білем. Бақытты отбасын құрудың өзі – құндылық. Қоғам ол жеке адамдардан құралады. Қоғам бақытты адамдардан құралуы үшін соған сай жекелеген әр отбасы мүшесі өзін бақытты сезіне білуі тиіс. Отбасы құндылығын дамыту үшін жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақтарда әуелден отбасы құндылығын бірінші орынға қойылған және ол жылдар бойы сақталып, дамыған. Әке, ана, бала деген ұғым бір-бірімен тығыз байланысты үлкен ұғымдар. Олар бір-бірінсіз тұлғалық даму жиегіне жетпейді. Осы үш ұғым арасындағы махаббат, сыйластық, қамқорлық, ізгілік, бауырмалдық, жанашырлық, татулық, кешірімділік сияқты басқа да ізгі қарым-қатынастар отбасы құндылығының жиынтығы іспетті. Міне, осындай біздің қанымызда, ата-баба дәстүрінде бар құндылықты тек насихаттап, жаңғырту ғана керек. Біз тамырымыздан ажырамауым керек. Неге біз қазір қатігез болып кеттік?! Қазір қоғамда баласын, жарын ұрып-соққан ер адамдар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер оқиғасы өте көп. Беделі мен абыройы түскен әке, мейрімі мен даналығы жоғалған ана, ақылға көнбейтін балалар көбейді. Оның себептері өте көп. Бұл бағытта әлеуметтанушылар, психологтар немесе қоғамды зерттейтін тиісті мамандар өз пікірлерін айтып жатқан шығар. Бірақ мен ана ретінде, ұйымның жетекшісі ретінде мұндайдай күрделі проблеманың түйінін – рухани тамырымыздан ажырап қалғанымыздан деп білем. Қазақ қашан жетімін, жесірін жылатып еді? Ауыл, ру, ел болып тентегін тезге салып, тәрбиелеген. Өкінішке қарай, осы тарихи сабақтастық, рухани байланыс үзіліп қалды.
– Аналар кеңесіне кімдер мүше бола алады? Мүше болуға ықылас білдіретіндер көп бола ма?
Аналар кеңесі мүшелекке кірем деушілерге шектеу жоқ. Негізі қоғамдық жұмыстарына белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар көбірек ат салысады. Қосшы қаласының Аналар кеңесінің құрамы 9 адамнан құралған. Аналар кеңесінің құрамында көп балалы аналар, денсаулық, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, өмірлік тәжірибесі мол, білім, мәдениет саласында үздік қызмет атқарған зейнеткер әжелер бар.
– Әңгімеңізге рахмет!