$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2024, 21:18
Қоғам

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығындары қашан өтеледі

Оларға келген залалдың жалпы құны 120 миллион теңгеге бағаланып отыр

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығындары қашан өтеледі
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан шағын және орта бизнес нысандарына келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Әзірге тиісті комиссия 76 кәсіпкердің өтінішін қабылдап, оның 10-ына қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Оларға келген залалдың жалпы құны 120 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Наурыздың аяғында болған тасқында ауызсу құятын қаладағы ірі цехтардың бірінің іші қарғын суға толып, үш күн тоқтап тұрған. Салдарынан барлық жабдықтары істен шықты. Тіпті жанындағы дүкен, мейрамханаға да орасан залал келген. Кәсіпкерлік нысанның иесі тасқынның беті қайтқан соң, бірден әкімдікке жүгіріп, өтініш түсіріпті. Алайда, бағалау үрдісі жүргенше өз күшімен жөндеуге кірісіп, цех ісін қайта қалыпқа келтірген.

«Шығын 100 миллионнан көп. Бірақ енді облыстың әкімшілігі шешімі бойынша бізге 58 млн берем деп жатыр. Соны берсе де тәубе деп отырмыз. Өйткені бізге бір тиын болса да ақша керек қазір. 60 миллионға заявление беріп едім, кредит 57 миллион ғана берді. Сол кредитке қазір ремонтта жасап жатырмыз, өзіміздің ақшамызды салып жатырмыз», - дейді кәсіпкер Қарашаш Қабиева.

Бүгінгі күні облыс бойынша 76 кәсіпкерлік нысанның тасқыннан зардап шеккені анықталып отыр. Атап айтқанда, сауда орындары мен жиһаз және пластикалық өнім шығаратын цехтар, сондай-ақ көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары шығынға батқан. Қазір келтірілген залал көлемін нақты анықтау үшін бағалау-есептеу жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен, ауыл кәсіпкерінің шығынын өтеу оңай болмай тұр.

«Аудандар бойынша айтатын болсақ, ірі қара малына келген шығын сомасы өтелді. Бірақ су тасқынынан зардап шеккен агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне өтемақы төлеу тәртібі анық емес. Атап айтқанда, өндіріс базасынан, жем-шөптен және ауылшаруашылық техникасынан айырылғандарға өтеу тетігі жоқ. Бұл мәселені біз ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылық министрлігі алдына қойып, шешуін ұсынып отырмыз», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Бұл мәселе бойынша жұмыс істейтін өңірлік комиссия мүшелері табиғи апаттан зардап шеккендер елеусіз қалмайтынын айтады. Әзірге 10 кәсіпкердің өтініші мақұлданған. Соған сәйкес, енді таяу күндері шығындары толық өтелмек.

«Ережеге сәйкес біз төлемдерді үш санатқа бөлеміз. Ең бірінші бағалау-есептеу жұмыстарын жүргізгені үшін шығындарын төлеп береміз. Екіншісі ғимаратқа залал келген суммасын төлеп береміз. Үшіншісі тауарлық-материалдық жабдықтар дейміз, соларға төлеп береміз. Республикалық резервтен бізге алдын ала 733 миллион теңге мақұлданып отыр. Осыған сәйкес, қазіргі таңда шілде айына біз 120 миллион теңгені бағыттап отырмыз», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Серіктес жаңалықтары