Он үш тонна есірткі тәркіленді: қылмыскер 15 жыл арқалауы мүмкін (ВИДЕО)
ІІМ 1 айдың қорытындысын жариялады
Полицейлер «Қарасора» операциясы басталғалы бері 13 тоннаға жуық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері операция басталғалы бері ел аумағында есірткіге қатысты 523 құқық бұзушылықтың алдын алды. Заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Синтетика өндіретін есірткі зертханасы жойылды.
«Мәселен, Алматы облысының аумағында қарасора өсіру фактісі анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 12 тоннадан асты. Ақтөбе облысында зертханалық жағдайда жасырын есірткі өндірісін ұйымдастырған жергілікті тұрғыннан 3 келіден астам мефедрон тәркіленді», - деп хабарлады ІІМ.
- Қызылорда облысында авиациялық тексеру арқылы есірткіні заңсыз өсіру фактісі анықталды. Екі есірткі сатушысы анықталып, олардан жарты тоннадан астам марихуана тәркіленді.
- Жамбыл облысы Рысқұлов ауданынан 130 шақырым жерде 56 келі марихуана дайындаған азамат ұсталды.
- Астана тұрғынының пәтерін тінту кезінде 1,5 келіден астам мефедрон табылды.
- Теміртауда 22 жастағы есірткі таратушы ұсталып, одан 350 грамм доза болатын 300 орам мефедрон тәркіленді.
«Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жоғарыда көрсетілген қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді», - дейді полиция.