Джонни Депптің адвокаты Камиль Васкес Қазақстанда не істеп жүр
Америкалық заңгер жуырда Астанаға ұшып келген еді
Танымал америкалық актер Джонни Депптің адвокаты Камиль Васкес Қазақстанға келіп, Конституциялық соттың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Камиль Васкес Астанаға АҚШ адвокаттар делегациясын бастап келген. Америкалық заңгер Конституциялық сотта өткен кездесуде өз еліндегі гендерлік теңдік және әйелдердің сот төрелігіндегі құқықтарын нығайту мәселелері бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова БҰҰ мен Еуропа одағының стратегиялық құжаттары мен декларацияларында бекітілген теңдік және кемсітпеу қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Әйелдердің сот төрелігі саласындағы тең өкілдігін қамтамасыз етудегі мақсат тек әйелдердің құқықтарын қорғаудың ғана емес, сонымен қатар құқықтың үстемдігін күшейту мақсатында болуы керек», - деп мәлімдеді Эльвира Әзімова.
Кездесуге қатысушылар әйелдердің жанжалдың алдын алуға және реттеуге тең қатысуына, сондай-ақ олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыруға бағытталған 1325 Ұлттық жоспарға баса назар аударды.
Бұл жоспарды Үкімет биыл 29 маусымда өзектендіріп, толықтырған болатын. Ол 34 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ Ұлттық жоспарда Орталық Азиядағы серіктестермен сот төрелігі мен қауіпсіздік саласындағы әйелдер қауымдастығын құру мәселесін талқылауды қарастыру көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, америкалық адвокат Камиль Васкес Эмбер Хердқа қарсы атышулы сотта Джонни Депттің мүддесін қорғаған болатын. Херд бұрынғы күйеуіне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті деп жала жапқан еді. Сотта Джонни Депптің тарапы жеңіп шықты.
Жуырда Камиль Васкестің Астанаға ұшып келгені белгілі болды.