«Күйеу түсіру деген бар»: геолог ғалымның шөбересі Иран қазақтарының тойы қалай өтетінін айтып берді

Аягөз Құрмаш

Той Бендер-Түрікмен қаласында өткен

«Күйеу түсіру деген бар»: геолог ғалымның шөбересі Иран қазақтарының тойы қалай өтетінін айтып берді
Фото: видеодан скриншот

Иран қазақтарының той-томалақта ұстанатын салт-дәстүрі жайлы ақтаулық Ағия Көрпе өзінің Instagram парақшасында бөліскен еді. Azattyq Rýhy тілшісі қандастардың Ирандағы үйлену тойы жайлы Ағияның өзінен сұрап білді.

Ағия Рамазанқызы – қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының шөбересі. Иранның Бендер-Түрікмен қаласындағы той да осы кісінің немере шөбересінің тойы екен.

«Екі апта бұрын ініме келін түсіру үшін Ақтаудан Иранның Бендер-Түрікмен қаласына аттандық. Өзіміз Иранда туған қазақтардың біріміз. Алайда ата-анам 8 жыл бұрын Қазақстанға оралды. Мен де 2014 жылдан бері Ақтау қаласында тұрып жатырмын», - дейді Ағия Көрпе.

Оның айтуынша, Иран қазақтары әуел бастан салт-дәстүрді ұстануға мығым.

«Жалпы бұрыннан ата-әжелеріміз, ата-анамыз салт-дәстүрді барынша ұстанады. Бауырсақ той, күйеу той, киіт беру, орамал ақша беру, беташар болады. Беташардан кейін ойын тойы болады. Кейін жастардың қосылуына арналған кешкі той ұйымдастырылады», - дейді ол.

Ағияның айтуынша, үйлену тойдың алдында жастарға арналған кеш өтеді.

«Тойдың алдында бірнеше күн бұрын екі жасқа арналған кеш ұйымдастырылады. Онда келін қалыңдықтың киімін киеді. Ол кешті мейрамханада немесе үйдің ауласында жасайды. Кейін күйеу бала жақта «Нан» болады. Онда тума-туыс, ағайын мен көрші сыйлығын алып, құттықтауға келеді. Күйеу тойда күйеу баланың жақын туыстары келіп өздері тойлатады. Кейін 4 ер адамды құда атандырып, қыз жаққа жібереді. Күйеу баланы жеңгелері киіндіріп дайындап болған соң қалыңдықты алып келу үшін аттандырады. Ал сол кезде қыздың жеңгелері құдамен келген күйеу баланы қарсы алып, әулеттің үлкен жеңгесі күйеу түсіріп, келін мен күйеу баланың достарын шақырады. Бұл жоралғыдан кейін қызғашар басталады», - дейді ол.

 Ағия Көрпе атағандай, Беташар кезінде аты аталған тума-ағайын шашуын салып кетеді.

«Келіннің басына қазақы жаулық пен шашбау тағылады. Барлық туысқа ортақ бір кеш ұйымдастырылады. Бұл тойға барлығы қазақтың ұлттық киімін киіп барады. Құдағилардың барлығы келінмен бірге қонып, екінші күні келін шайды ішіп қоштасады», - дейді ол.

Автордың атасы қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым, ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының белді мүшесі, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының тағдырына тоқталсақ. Былтыр ғалымның туғанына 140 жыл толуы Маңғыстауда мерекеленіп өтті.

Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Тұрмағамбет хазірет өз заманында Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Оразмағанбет – сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. Қазақ балаларының сауаттануына еңбек етіп, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырған.

Қазақтың белгілі зиялылары Б. Қаратаев, А. Байтұрсыновтармен тікелей байланыста болған.

Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым туған жерінің қазба байлығының игілігін елі көрсе екен деп армандаған. Бірақ аумалы-төкпелі заманда қудалауға түсіп, туған жерден амалсыз айрылып, Иранды паналайды. Соңында сол жерден ұсталып, Түркменстанда 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Кей деректерде «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда 61 жасында қайтыс болды» делінген. Оразмағанбеттің Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балалары болған, олардан тараған ұрпақтар қазіргі таңда Иранда тұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.