Тұшпарадан емес: СҚО-да бір үйдің екі баласы неден уланып қаза тапқаны анықталды

Azattyq Rýhy

Балалар нитриттермен жедел уланған

Тұшпарадан емес: СҚО-да бір үйдің екі баласы неден уланып қаза тапқаны анықталды
Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Надежка ауылында әйел мен үш баласы уланып, ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, екі бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады. Арада төрт апта өткен соң, полиция сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 13 маусымда болды. Үш және алты жастағы екі бала уланып қайтыс болды. Ал он жастағы бала мен олардың 28 жастағы анасы ауыр жағдайда реанимацияда жатты. Дәрігерлер оларды аман алып қалды.

«Сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сараптама жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша балалар нитриттермен жедел уланған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бастапқы нұсқа бойынша, отбасы тұшпарамен уланған деп болжанған. Жергілікті мессенджерлерде өндірушілер су тасқыны кезінде қайтыс болған жануарлардың еті пайдаланғаны туралы жалған ақпарат тарады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде жүргізілген сараптамалардан кейін отбасы жеген өнімдерден күдікті ештеңе таппады.

Дегенмен, олар жеген тұшпараны үйдегі тұшпара өндірушісі дайындаған. Мұндай қызмет түріне оның рұқсат құжаты болмаған. Бұл факт бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың өліміне токсикалық тамақ инфекциясы, жұқпалы токсикалық шок және мидың ісінуі себеп болған. Сарапшылар уланудың себебін анықтап жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.