ШҚО-да 1 миллионнан астам гектар жерге егін егіледі
Көктемгі егіс жұмыстарына 2,5 мыңнан астам ірі және орта шаруашылық жұмылдырылған
Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінен кейін Шығыс Қазақстан облысының шарулары егіс науқанына кірісті. Биыл ШҚО-да 1,3 млн гектар жерге егіс егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық. Жаздық егіс көлемі 1 млн 98 мың гектарды құрайды. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Өңірде негізінен, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды – 559,3 мың (жалпы алаңның 41%) және майлы дақылдар 481 мың гектарға (35,1%) егіледі. Майлы дақылдардың үлесінде дәстүрлі күнбағыс басым, оның көлемі – 445 мың гектардан астам. Бұдан басқа, егіс алқабының 292 мың гектарына жем-шөп егіледі.
Сондай-ақ, 19 мың гектарға картоп, 16 мың гектарға көкөніс пен бақша салынады. Бұл ШҚО-дағы барлық егіс алқабының 2,5% құрайды. Көктемгі егіс жұмыстарына 16,6 мың трактор, 5 мыңнан астам жүк көлігі, 93 егіс кешені, 11 мыңнан астам тұқым сепкіш, соқалар мен культиваторлар жұмылдырылады. Тракторлар 98%-ға, қалған техника – 100%-ға дайын», - делінген хабарламада.
Көктемгі егіс жұмыстарына 2,5 мыңнан астам ірі және орта шаруашылық жұмылдырылған. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар МХЗ-дан 30 мың тонна дизель отыны бөлінді. Наурыз айына 8 мың тонна, сәуір айына 9 мың тонна, мамыр айына 8 мың тонна, маусым айына 5 мың тонна белгіленді. Қала мен аудан әкімдіктерімен оларды жеткізу жөніндегі операторлар анықталды.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен субсидия түрінде 5,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға – 2,7 млрд теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1,7 млрд теңге, пестицидтерді арзандатуға – 1,4 млрд теңге.
Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егіс науқанын қосымша қаржыландыру үшін фермерлерге 2,4 млрд. теңгеден астам төмен пайызды несие берілген.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында егіс алқаптарын өңдеу және ылғалды жабу жұмыстары жүргізілуде. Үржар, Зайсан және Тарбағатай аудандарында қазірдің өзінде дәнді дақылдар егілді.