Оралдағы балалар лагерінде 10 жасар бала соққыға жығылды

Azattyq Rýhy

Баланың әкесі лагерь басшылығын жауапқа тартуды талап етіп отыр

Оралдағы балалар лагерінде 10 жасар бала соққыға жығылды
Фото: Баланың ата-анасы ұсынған сурет

Орал тұрғыны 10 жасар ұлын әпкесімен бірге 10 маусымда «Атамекен» балалар лагеріне жіберген. Жолдамаларды су тасқынынан зардап шеккендерге қалалық білім бөлімі берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.

«Алғашқы күндері балаларды барып көріп тұрдым, лагерьде телефон қолдануға тыйым салынған. Қалай болғанда да қызым бір баладан телефон тауып, 14 маусым күні маған қоңырау шалып, бауырының лагерьде соққыға жыққанын айтты. Кешке балаларды алып кеттім, оларға лагерь ұнамады деп ойладым. Сол кезде ұлымды лагерь директоры өзі шығарып салды. Үйге келгенде ұлым денесіндегі көгерген жерлерді көрсетті. Аяқтарында, қолдарында және денесінде көгерген жерлері болды. Ол спортзал мен далада 8-10 бала жабылып ұрғанын айтты. Балаларды кінәламаймын – олар балалар ғой. Менің сұрағым лагерь басшылығына, балаларды қабылдап, оларға қарауға міндетті болған министрлікке: мұндай жағдай қалай орын алды? Қалайша бұған жол бердіңіздер?» - дейді баланың әкесі.

15 маусым күні ер адам ұлымен травматологқа барып, көптеген гематомаларды тіркеп, полицияға арыз жазған. Айта кетейік, бұл 15 маусымда болды. Ер адамның айтуынша, ешкім істі қозғамаған. Тек адвокат жалдағаннан кейін ғана іс қозғала бастады.

Тек 11 күннен кейін, 26 маусым күні кешке полицейлер сот-медициналық сараптамаға жолдама берген.

«26 маусым күні кешке берді, біз барғанша, сараптама 16.00-ге дейін жүргізіледі екен, үлгермедік. Келесі күні өттік. Менің түсінуімше, бұл істі жабуға тырысуда, мені ешқайда шағымданбауға көндіруге тырысқандар көп болды», - дейді ол.

Осы арада БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаның 2024 жылғы 15 маусымда Орал қаласының ПБ-де тіркелгенін хабарлады. Бұл іс бойынша полиция қызметкерлері кінәлі тұлғаларды және оқиғаның себебін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізген. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылып, оның қорытындысы бойынша осы оқиғаға заңды баға берілетіні хабарланды. Тексеруді ұйымдастыру мақсатында Орал қаласының Білім бөліміне ұсыну енгізілген.

БҚО Білім басқармасы да оқиғаға түсініктеме берді.

«Кәмелетке толмағандар арасында тәрбие жұмысын тиісті деңгейде жүргізбегені үшін отряд жетекшісіне және тәрбиешіге тәртіптік жаза қолданылды. Жетекші жұмыстан шығарылды. Орал қалалық білім бөлімінің бұйрығымен «Атамекен» лагерінің директорының міндетін атқарушыға қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны, жазғы демалысты ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.