Алматыда борышкерлер ыстық судан ажыратылды

Azattyq Rýhy

Су мен жылыту үшін жалпы қарыз шамамен 2,1 миллиард теңгеге жетті

Алматыда борышкерлер ыстық судан ажыратылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшіріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазірдің өзінде пайдаланылған ыстық су мен жылыту үшін жалпы қарыз шамамен 2,1 миллиард теңгеге жетті.

Енді күн сайын «Алматы жылу жүйесіне» қарызы бар бірнеше ондаған борышкер ыстық судан қағылуда. Айта кету керек, екі және одан да көп ай бойы төлем жасалмаса, тұтынушы борышкер санатына еніп, қарызды өтеу қажеттілігі туралы хабарлама алады. Егер борышкер одан кейін де қарызын төлемесе, басқа да шаралар қолданылады, соның ішінде пәтер не үйіндегі ыстық суы өшіріледі.

«Борышкерлерге ыстық су беруді шектеу – бұл еріксізден қолданылып отырған шара. Кәсіпорын мұндай шараға баруға мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтерін төлемеуі алдағы жылыту маусымына толық дайындық жасау мен ол маусымнан қолайлы өтуді қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде», - деп хабарлады «Алматы жылу жүйесі» ЖШС.

Биыл жыл басынан бері Алматыда төленбеген жылу энергиясы үшін 1610 абонент өшірілген. Бүгінге дейін компанияға жылыту мен ыстық су үшін төлем жасамаған 1212 тұтынушының активтері бұғатталды, 355 банктік есепшот бұғатталды, төлемдерін уақытында төлемеген 165 азаматқа Қазақстаннан шығуға тыйым салынды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.