Жаңа сағат vs қара перде: Астаналықтар үйлерін жаппай қараңғылап жатыр
Бұрынғы уақыт белдеуіне оралуды талап еткен петиция 50 мың қол жинаған
Астаналықтар сағат белдеуі ауысқалы үйлерін жаппай қараңғылап жатыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі күні «Blackout curtains» деп аталатын жарық өткізбейтін жиналмалы перделерге сұраныс артқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
Blackout curtains – күн сәулесінен қорғану үшін бөлмені толық қараңғылайтын қалың перделер. Оның сыртқа қарайтын жағында акрил (PVH) жабыны болады. Ол адамдардың ұйқысын қандырып, жақсы демалуына ыңғайлы жағдай жасайды. Тек қою-қара түстер емес, таңдаушының талғамына қарай әр түрлі түстері болады.
©Георгий Копылов
Azattyq Rýhy тілшісі Астана қаласындағы жиналмалы перделер жасайтын цехтың басшысымен әңгімелесіп көрді.
Шағын өндіріс орны 2012 жылдан бері пластикалық терезелерге арналған жиналмалы перделер шығарады.
«Blackout перделеріне тапсырыс беретіндердің айтатыны бір әңгіме - сағат белдеуінің ауысқанына байланысты күн ерте шығып, таңғы сағат 3.00 - 4.00 кезінде ұйқыдан тұрып аламыз дейді. Әсіресе, терезелері күнгей бетқа қарағандар. Сондықтан да үйлерін қараңғылап жатқанын айтады. Бұрын тек жатын бөлмесін қалың пердемен қымтап тастайтын болса, қазір қонақ бөлме, балалар бөлмесі, тіпті ас бөлмесіне де Blackout перделерін қондырады», - дейді цех басшысы Данияр Минкенов.
Цехта 4 адам жұмыс істейді. Ал тапсырыстар көбейіп, қол көмегі қажет болғанда таныс, дос мамандарды көмекке шақырады. «Алайда монтаж жұмыстарын жақсы орындайтындар аз» дейді цех қызметкерінің бірі.
«Таңғы жұмыс уақытында жігіттер дайын перделерді алып, үйлерге құрастырып беруге кетеді. Бүгін 5 тапсырыс бойынша Blackout пердені құрастыруға кетті, өзім екі тапсырыс бойынша терезелердің өлшемін алып келдім. Енді кешке дейін осында жұмыс істейміз. Кешке дейін тағы да тапсырыс беретіндер болады. Blackout перделерді алушылар көбейген. Бұрын сирек болатын, барлық перделер тапсырысының ішінде 20% -ды ғана алатын еді. Негізгі бағытымыз - көбінесе кеңселер, бизнес-орталықтар еді, қазір көпқабатты үйлердің пәтерлеріне жасаймыз. Алғашында Blackout перделер деген «резеңке» күнге күйіп, иісі шығуы мүмкін деп күдіктенгендер болды. Кейін тұрғындар ондай кемшіліктері жоқ екенін байқады», - дейді Данияр Минкенов.
Blackout curtains шаршы метрі 7 мың теңгеден сатылады, бір терезеге орташа есеппен 30-35 мың теңгеге жасалады.
«Осы айдың ішінде Blackout-қа 2 орам (рулон) кетті. Бір орам 70-тен аса терезеге жетеді, бұл 30 үйдің шамасы», - дейді кәсіпкер.
Өндіріс орнында күніне 40 жиналмалы перде жасалады, бір айда 1200 перде жасалса, соның 60%-ға жуығы Blackout перделер екен.
«Көпшілік әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп жатады. Бір аптада желіде 46 адам жарнаманы басып қарайды. Одан кейін таныстар, туыстар, көршілер чаты арқылы таралады. Бір жасатқан адам өзгелерге кеңес береді. Мәселен, бір тұрғын үй кешенінде 4 пәтерге жылжымалы пердені қондырып бердік, сол үйден тағы да хабарласып жатқан адамдар бар», - дейді Данияр Минкенов.
Кәсіпкердің сөзінше, күннен қорғайтын перделерге тапсырыстың көбеюіне байланысты шыбын-шіркейден қорғайтын торларды жасауды доғарған. Сәуір-мамыр айларында Blackout перделерге әйелдер тапсырыс берсе, қазіргі күні ер адамдар да тапсырыс бере бастаған.
Цехқа шикізат Түркия елінен келеді. «Қазақстан зауытынан шықса, кәсіпкерлерге көмек болар еді» дейді олар.
Еске салсақ, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап еліміз бірдей сағаттық уақыт белдеуіне көшкен болатын. Әлеметтік желілерде «таң тым ерте атады, жұмыстан қараңғы түскенде шығамыз» деп шағымданып жатқандар аз емес. Осыған орай петиция жарияланып, бүгінде тиісті дауысты жинады. Енді Үкімет арнайы жұмыс тобын құрып, мәселені қарауы керек. Бұған дейін, сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев петиция 50 мың қол жинаса, бұрынғы сағат белдеуіне оралу мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.