Зерттеуші болжамы: Коронавирустан сақтанатын жол – тұмауға қарсы жаппай егу

Ғалым коронавирустың екінші толқыны күзде келеді деп мәлімдеді 

Зерттеуші болжамы: Коронавирустан сақтанатын жол – тұмауға қарсы жаппай егу

Қазақстандық ғалым, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің зерттеулер жөніндегі проректоры Бауыржан Жүсіпов елде коронавирус инфекциясының тағы бір толқыны күз айларында жүруі мүмкін деген болжам айтты.

Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан ғалым Нью-Йорк қоғамдық денсаулық сақтау мектебін, Ресей әскери инженерлік институтын бітіріп, АҚШ-тағы қатерлі аурулардың алдын алу орталығында жұмыс істеген. Соңғы үш жылда елдегі ең үлкен медициналық жоғары оқу орнының зертханалық жұмыстарына жетекшілік етеді.

АЯҚ АСТЫНАН БАС КӨТЕРУІ МҮМКІН

Коронавирус маусымдық аурулар сияқты белгілі бір жыл мезгілін таңдамайды. Ол тұтқиылдан келді. Ендеше оның қаупі жоғары. Ауру басылды деген күннің өзінде, аяқасты бас көтеруі мүмкін. Бірақ осы вирусқа ұқсас маусымдық эпидемияларға да еріп кете береді. Айталық, әлем елдері сияқты Қазақстанда да күз айларында тұмау сияқты тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы басталады. Дәл осы кезеңде COVID-19 инфекциясының да қозу ықтималдығы жоғары болады. Қазақстан медицинасы осыған дайын болуы керек. Ғалым ол үшін дайындықты бүгіннен бастау керек екенін айтады.

«Жұқпалы індет бізге көктемде келді. Бірақ ол жаз айларында да ұйқыға кетпейді. Ал күздің қазан-қараша айларында басталатын тұмау эпидемиясы коронавирустың екінші толқынына себепші болады. Мұны мен ғана емес АҚШ, Германия ғалымдары да айтып отыр. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне қосымша соққы болады. Жалпы,  тұмау көптеген адамдар үшін ауыр болады, ал оған коронавирус қосылса, мүлдем қиын жағдай қалыптасатынын түсінуіміз керек. Біздің өмір сүру дағдымызға  қарай, адамдар күн суытқан соң жабық ғимараттарда көп уақытын өткізуге тырысады. Сол сәтте жұқпалы вирустың таралуы  күшейеді»,- дейді медицина ғылымының докторы.

ЕКІ БІРДЕЙ ЭПИДЕМИЯҒА ДАЙЫН БОЛУ КЕРЕК

Бауыржан Жүсіпов күздегі толқынның алдын алуға мүмкіндіктер бар деп санайды. Оның жолы – жаппай вакцина. Тұмауға қарсы егу әдетте күздің басында жүреді. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі бұл шараға ерте қамданып, науқанды сауатты жүргізуі тиіс. Дәрігерлер бір емес, екі бірдей эпидемияға моральдық тұрғыдан дайын болуы тиіс. Ал мемлекет материалдық жағынан қолдау білдіруі керек.

«Сондықтан  бүгіннен бастап сақтанудың жолдарын қарастыру керек. Ең тиімді жолы маусымдық вакцинацияны алуға мән беру. Коронавирусқа қарсы екпе ойлап табылмады,  бірақ тұмауға қарсы вакцина бар ғой. Ендеше науқанды дұрыстап қарсы алуға Денсаулық сақтау министрлігі дайын болуы керек. Төсек-орындарды, тесттерді көбірек алу, лобораторияларды дайындап қоюға, қосымша ауруханалар салуға мүмкіндіктер бар. Мысалы, көктемде коронавирусқа қарсы тұруда дайындыққа бізде уақыт тым аз болды. Тығыз болса да, оның алдын алуда тиімді шаралар жасалды. Ал күзге дейін уақыт жеткілікті. Біз қауіпті індеттің екінші толқынын айтарлықтай дайындықпен қарсы аламыз деп ойлаймын»,- дейді Б. Жүсіпов.

Білікті маман COVID-19 вирусымен күрестегі Қазақстан медицинасының қолданған шараларына да өз бағасын берді. Оның айтуынша, қазір эпидемия әр аймақта әртүрлі тарап жатыр. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтан бұл эпидемиялық кезеңге алғашқы болып кірді, демек алғашқы болып шығады. Кейбір өңірлерге ол кешірек кірді, олар кешірек шығады деген сөз. Сол себепті, кезекпен жүріп, бұрынғы өмір дағдысы қалпына келеді.

«Қазақстанда ауыратындар саны 3,5 мың, 4 мың, тіпті 5 мыңнан асып кете ме?! Ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, бұл болжамдар дайындықты пысықтау, төсектердің жеткілікті болуы, дәрі-дәрмектің саны мен дәрігерлердің мүмкіндігін бағамдау үшін жасалады. Қазіргі жағдайда ауырғандардың санына есептелген медициналық керек-жарақтар, өкпені жасанды желдету қондырғылары, дәрігерлер саны жеткілікті. Бір ай бұрын Денсаулық сақтау министрі мамыр аяғының аяғына қарай ауыратындар 3,5 мың адамға жетеді деп мәлімдеген болатын. Меніңше, осы  дерек нақты. Яғни министрдің болжамы шындыққа жақын», - деп болжайды Ұлттық университеттің проректоры.

МАМЫР АЙЫНДА ІНДЕТ ЖҰҚТЫРУШЫЛАР САНЫ ТӨМЕНДЕЙДІ

Мысалы Нұр-Сұлтан қаласы соңғы 10 күнде ауруды жұқтыру жиілігі мен көрсеткіштері бойынша 5 пайыздық көрсеткіштен әрі асқан жоқ. Бұл өте жақсы. Ал Алматыда 700 адамнан асып тұр. Бірақ бұл сын сағатының жақындағанын көрсетеді. Қалада науқастардың көбейіп кетуі скринингтік жұмыстардың жандануына байланысты. Яғни ауру ошағындағы адамдардан жедел  тест алу кезінде, науқастар анықталып жатыр. 

«Сәуір айында науқастардың негізгі тобы тіркеліп, мамыр айында азая береді. Бұл дер кезінде қолға алынған шектеу шараларын байланысты. Сіз отбасыңызбен тек үйде отырсыз, жақындарыңызды басқалармен араластырмауға тырысасыз. Өзіңіз де тысқа шықсаңыз, арнайы сақтану құралдарын қолданып жүрсіз. Одан бөлек, эпидемияны таратпау үшін күресіп жатқан түрлі қызметтер, кәсіпорындар мен мекемелердің де жүйелі жұмысы қалыптасып қалды. Көшеде курсанттар дезинфекцияға жұмылдырылды, ал тәртіп сақшылары заң бұзғандарды анықтап  жатыр. Карантиндік оқшаулау, ауру жұқтырғандармен қарым қатынаста болғандарды дереу анықтау қауіпті дерттің тізбегін  үзу дегенді білдіреді. Ең тиімдісі, ауруларды тез анықтауға- тест алу ықпал етіп жатыр. Мұның барлығы вируспен күресте жеңіске біртабан жақындатады», - дейді дәрігер.

КОРОНАВИРУС ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ДЕУ - ҚҰР ДАҚПЫРТ 

Қазақстанда алғашқы эпидемияның белгісі 12 наурызда белгілі болды. Ол кезде Батыс Еуропада жағдай ушығып тұрған болатын. Негізі әр елде алғашқы 100-дік (жүз адам- авт) тіркелген соң, эпидемия қалай таралып жатыр деген деректерді көрсетіп отыратын арнайы сайт бар. Онда  әлемдегі жағдайдың қазіргі деректерінен тыс, ықтималдығын да дәл болжайтын ақпараттар жарияланады. Ғалымның айтуынша, екі күн бұрын осы сайтта Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтыру ықтималдығы бойынша дәл қазір 14 мың адам болуы керек еді мәлімет берілген. Алайда, елде көрсеткіш 2 мың адамнан енді асты.  Көрсеткіш 7 есе аз.

«Иә, мемлекеттің дер кезінде қолданған шараларының арқасында бұл жеті есе аз болып тұр. Ал солардың ішінде 20 адамның  өмірден өтуі карантиндік шаралардың уақытында қолдануынан екенін мойындауымыз керек. Егер ірі қалалар  бір аптаға кешігіп жабылғанда, қазір жағдай бүгінгіден де күрделі болар еді.  Сондықтан ел арасындағы корнавирус қолдан жасалған, саясат үшін істеліп отыр деген дақпырттар шындыққа сәйкес келмейді. Бұл халықты адастыруға апаратын долбар ғана. Коронавирустан қауіптеніп, оған қарсы жасалған шараларды сақтағанда, бұл індетті жеңеміз»,- дейді Бауыржан Жүсіпов.

Coronavirus2020.kz дерегінше, COVID-19  вирусының елде  расталған жағдайы - 2334, Нұр-Сұлтан қаласы – 433, Алматы қаласы – 764. Ал қайтыс болғандар- 24 адам. Жазылып шыққандар саны- 568.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.