«Арманым – жазылып, үйге оралу»: Инфекция жұққан дәрігерлер 2 млн теңге өтемақы туралы көпшілік күдігіне жауап берді
Емделіп жатқан дәрігерлер пікірі
Бүгінге дейін Алматы қаласында коронавирус инфекциясын 401 медицина қызметкері жұқтырды. Қалада COVID-19 инфекциясы анықталған науқастардың жартысынан (764 науқас - ред) көбі ақ халаттылар. Соңғы кезде мемлекеттен өтемақы алу үшін, дәрігелер әдейі инфекция жұқтыруы мүмкін деген пікір жиі айтылып жүр. Осы орайда, Azattyq Rýhy тілшісі мамандардың пікірін тыңдап, коронавируспен ауырып жатқан дәрігерлерге хабарласқан еді.
Үш жүзге жуық қызметкері қауіпті індет жұқтырған ұйымның бірі - Орталық қалалық клиникалық аурухана. Әріптестерімен байланыста болған өзге дәрігерлер қазір Алматыдағы «Көктем» шипажайында 14 күндік карантинде жатыр. Коронавирусқа қарсы бірнеше рет тест сараптамасын жасатып, сау шыққан дәрігер-гинеколог Дмитрий Цай де әріптестерімен бірге карантинде. Оның айтуынша, 2 миллион теңге өтемақы туралы мәселе дәрігерлер арасында да өзара жиі талқыланатын болған.
«Аурухананың WhatsApp чатында дәрігерлер осы 2 милллион туралы жиі талқылайды. Бізге ақшасы керек емес, үйімізге жылдам жіберсе екен, тез жазылып шықсақ болды деп жатыр. Ауырдық, енді өтемақы аламыз деген айтылмайды. Ол ақшаны аламыз деген үміттері де жоқ. Кейде оң нәтиже шыққандардан қалжыңдап, енді ақша аласыңдар десек, өмірдің қымбат, сауығып, үйге оралудың арман екенін айтады. Дәрігерлер әдейі жұқтырған деу өсек, қаңқу сөз», - деді дәрігер-гинеколог Дмитрий Цай.
Осы аурхананың тағы бір дәрігері инфекция жұғып, Түрксіб ауданындағы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерде ем қабылдап жатыр. Аты-жөнін атамауды өтінген дәрігер бар уайымы отбасына аман-есен оралу екенін айтты.
«Орталық қалалық клиникалық аурханада жүріп жұқтырдық. «РВ-90» деп аталып кеткен диспансерде емделіп жатырмын. Күніне екі уақыт дәрі береді. 2 миллион теңге тұрмақ, мемлекет берген үстемақыны да алған жоқпын. Оның маған берілетіні туралы айтпады», - деп қысқа қайырды көңілсіз дәрігер.
Ал Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының пікірінше, коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің бәріне жаппай 2 миллион теңге төленеді деу жаңсақ пікір. Ол тек нақты науқастарды емдеу кезінде тікелей жұқтырған медқызметкерлерге ғана өтемақы төлену керек деп санайды. Алдымен коронавирус инфекциясы анықталған медицина қызметкерлерінің бәрі тексеріледі.
«Стационарлық бөлімдерде коронавируспен ауырған науқастарды емдеу кезінде вирус жұқтырған дәрігерлерге беру керек деп санаймын. Басқа ауруханалардан шыққан медқызметкерлердің қалай жұқтырғаны толық тексеріледі. Жұмыс орнында жүргенде жұқтырды деген комиссияның шешімі шықса, ондай жағдайда 2 миллион теңге төленеді. Ал аурухандағы сантехник, плотник сынды өзге де қызметкерлер жұқтырса оларға берілмейді. Әр науқастың мәселесі жеке-жеке қаралады. Тікелей қызметтегі міндетін атқару барысында жұқтырған дәрігерлерге ғана берілуі тиіс. Жоғарыдан нұсқау келсе, осы айдың қортындысы бойынша келесі айдың басында берілуі мүмкін. Оның бәрін комиссия шешеді», - деді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Әбілдаев ақ халаттыларды ақша алу үшін жаппай инфекция жұқтырды деу- қаралау деп есептейді. Өйткені, коронавируспен ауырған адам өліп кетуі мүмкін. Басқарма басшысы өз орнына келмек болған, бұрынғы вице-министрге қатысты да пікір білдірді.
«Мен вице-министр болсам 2 миллионнан бас тартар едім. Ол (Камалжан Надыров -ред) сол 2 миллионға қарап қалған жоқ шығар. Әдейі жұқтырды деу жаңсақ пікір, ешқандай дәрігер ондай ағаттыққа бармайды. Коронавиурспен ауырғандардың 5%-ы ауыр жағдайда, араларында қайтыс болу дерегі де болады. Бұл инфекция 60 жастан асқандарға қауіпті деп айтқанмен, жас науқастар арасында да өлім-жітім тіркеледі. Сондықтан, ешқандай медицина қызметкері өз өмірін қатерге тігіп, ондай ағаттыққа бармайды», - деді Т. Әбілдаев.
Еске салайық, Президент тапсырмасымен Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге төленетін өтемақы мөлшерін бекіткен болатын. Коронавирус жұқтырған жағдайда медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге біржолғы әлеуметтік төлем аударылады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы