«5,5 млрд теңге жұмсалған»: Ақтөбе облысында бейнекамералар екі жылдан бері істемей тұр
Енді тендерді алғашқы ұтқан мердігер жұмысын жалғастырады
Ақтөбе облысында қауіпсіздік үшін қондырылған бейнекамералар екі жылдан бері істемей тұр. Осылайша құны бес жарым миллиард теңгеге бағаланған жоба жарты жолда тоқтап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Әу баста Ақтөбе облысына екі жарым мың бейнекамера орнату жоспарланған. Шенеуніктер Ақтөбе қаласы мен алты аудан орталығының және үш ауылдың қуыс-қуысына дейін бақылайтын боламыз деп мақтанған. Ол үшін облыс бюджетінен ақша да бөлінген. Камералар бағаналарға қондырылып басталғанымен, кейін ол іске қосылмай қалды. Тендерге қатысқан компаниялар таласып, бірін-бірі сотқа беріпті. Соның кесірінен жұмыс тоқтап қалды дейді әкімдіктегілер.
Бес жарым миллиардтың бейнебақылау камерасына қатысты іс бүгін Жоғарғы сотта қаралып, ақыры дауға нүкте қойған. Енді тендерді алғашқы ұтқан мердігер жұмысын жалғастырады.
«Жоғары сот осы істі қарап, бірінші қараған сот шешімін дұрыс деп шешіп отыр. Ал одан соң шешім шығарған Шымкент қаласының сот коллегиясын құптамады. Енді тендерді алғаш жеңген мердігер техникалық талаптарға сай, белгіленген уақытта бейнекамераларды толық қондырып, іске қосуы керек», - деді Ақтөбе облысы цифрлы технология басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.