$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.06.2024, 02:00
Қоғам

Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқуға мәжбүр

Өңір бойынша 723 бала аутизмге шалдыққан

Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқуға мәжбүр
Фото: almaty.tv

Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқып жүр. Себебі қалада мамандандырылған арнайы үйірмелер жоқтың қасы. Ата-аналар жатақхананың сыз тартқан жертөлесін жалға алуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бұл – аутизмге шалдыққан балаларға арналған қоғамдық қордың орталығы. Биыл жатақхана жертөлесін жалға алып жүргендеріне 6 жыл болады. Ата-аналар «сыз тартқан тар бөлмеде ем қабылдау ыңғайсыз» дейді. Елена Варфоломееваның ұлына 4 жасында аутизм диагнозы қойылған. Ол да өзгелер секілді баласын дамытуға тырысып әлек. Ем-шарадан қалмау үшін ұлын амалсыздан осында әкелуге мәжбүр.

«Жеке бөлмелердің болғанын қалаймыз. Жыл сайын бала саны да артып келеді», – деді қала тұрғыны Елена Варфоломеева

Қор басшысы бірнеше жылдан бері жауапты органдардан кең әрі жайлы орын беруді талап етіп жүрген көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

«Көріп тұрсыздар, жертөледе отырмыз. Жуынатын бөлмеміз кәріз суын төгетін құбырлардың астында орналасқан. Сондықтан кейде бұл жерді су басып кетеді. Мұндай жағдай биыл екі рет қайталанды», – деді қоғамдық қор жетекшісі Татьяна Ковалева.

Өңірде аутизмге шалдыққан балаларға арналған тағы бір орталық бар. Алайда онда бала саны көп. Олар жылына тек 36 сағат білім алады. Осы нысанның жанынан жыл соңына дейін тағы бір орталық салу жоспарланған. Алайда ол жақтан үй беру мәселесі жолға қойылмаған.

«Қазір білім беру мекемелерінен бөліп беретін орын жоқ. Мектептердегі барлық кабинетте балалар оқып жатыр. Сондықтан мүмкіндік болмай тұр»,  – деді СҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Өңірде аутизмге шалдыққан балаларды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 15 психологиялық-педагогикалық кабинет жұмыс істейді. Оның екеуі Петропавлда болса, 13-і облыстың өзге аумағында орналасқан. Өңір бойынша 723 бала аутизмге шалдыққан.

Серіктес жаңалықтары