Қазақтардың шегіртке жеуіне бола ма – Әлназарова өз ойын айтты

Автор: Нұргүл Абай

Денсаулық сақтау министрі «шегіртке жеу – қазаққа тән дәстүр емес» дейді

Фото: istockphoto.com

Қазір Қазақстанда шегіртке тақырыбы өзектеніп тұр: шенеуніктер шегірткеге қарсы күресу үшін бүгін оңтүстік өңірлерге аттанды. Оның үстіне, бірнеше күн бұрын вице-премьер Серік Жұманғариннің «шегіртке халал жәндік» деген цитатасы да күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгін Azattyq Rýhy тілшісі денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сұрақ қойып, шегірткенің халалдығы туралы сұраққа қатысты пікірін білгісі келді.

«Серік Жұманғарин мырза шегірткені экспорттауға болады деген тұрғыда пікір білдірді. Ал, біз сізден еліміздің бас дәрігері ретінде оның халалдығы туралы пікір сұрап тұрмыз», - деді редакция тілшісі.

Әуел баста бұл сұраққа жауап беруден қашқақтаған Әлназарова пікірін бірнеше сөйлемге сыйдырды.

«Әр мемлекеттің өзінің дәстүрі бар. Қазаққа тән дәстүр емес деп ойлаймын. Бұл жерде оның халалдығына қатысты зерттеулер туралы, жалпы, халал, халал емес деп айтуға дайын емеспін», - деді Әлназарова.