Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма?

Azattyq Rýhy

Сауалға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма?
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмек бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осы жылдың 1 қаңтарында 1767 дәрі-дәрмектің атауы бойынша баға қайта реттелуі керек еді. Бірақ 1 қаңтар күні бұл бұйрыққа қол қойылмады. Ақпан айында былтыр бағасы қайта реттелген дәрі-дәрмектерге талдау жүргіздік. Бұл үш немесе одан да көп аналогы бар 303 препараттың атауы болды. Осы дәрі-дәрмектердің негізгі тобында өсім болды, бірқатарында баға шегі төмендеді. Сондықтан жылдың аяғында бұл көрсеткіш 14 пайызды құрады, яғни баға өсті. Бағаны қайта реттеудің екінші кезеңі биыл болуы тиіс. Бірінші жартыжылдықта оны жүргізген жоқпыз», - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Журналистер «Демек дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма?» деп нақтылады.

«Қазір олардың қымбаттауы туралы айтып отырған жоқпын. Тек бірқатар дәрі-дәрмектің бағасын қайта реттеу туралы сөз болып отыр. Сондықтан осы жылдың басында бағасы қайта реттеу жоспарланған дәрі-дәрмектер тобының бағасын әлі қайта реттемейміз. Әрине, бүгінде фармацевтикалық сала осы бұйрықты күтіп отыр. Бірақ бұл әлеуметтік тұрғыдан маңызды мәселе болғандықтан, тиісті талдау арқылы ғана шешім қабылдаймыз. Дәрі бағасы қымбаттамайды не қымбаттайды деп толыққанды айту әлі ерте. Себебі талдау жұмыстарын әлі аяқтаған жоқпыз. Сондықтан оңтайлы шешім қабылдауға тырысамыз», - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.