Биыл 370 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Azattyq Rýhy

Ең көп өтінім Түркістан облысынан келіп түскен

Биыл 370 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
Фото: istockphoto.com

Биыл 1 сәуірде басталған 1-сыныпқа өтінім мен құжат қабылдау науқаны 31 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ата-ана балаларының құжаттарын еgov.kz электронды үкіметінің веб-порталы арқылы бере алады. Жалпы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам қазақстандық бала барады деп күтілуде.

«Бүгінгі таңда 242 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Бірінші сыныпқа қабылдау бойынша ең көп өтінім Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында тіркеліп отыр», - деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті.

Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап, ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Портал арқылы ұсынылатын құжаттар:

1) Ата-анасының немесе заңды өкілдің өтініші;

2) 065/е нысанындағы «Профилактикалық екпелер картасы» және №052-2/е нысанындағы «Бала денсаулығы картасы» медициналық құжаттары;

3) Баланың 3х4 см көлеміндегі цифрлық фотосуреті.

Өтініштер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.