«Үш үйге бір шампунь таратады»: су тасқынынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қандай
Күйі қашқан Айнұр Жорабекованың бес баласы күркілдеп, ауырып жүр
Қазақстанның барлық өңірінде су тасқыны аяқталғанымен, апаттың салдары мен зардабын тартып отырған отбасылар, өкінішке қарай, аз емес. Қарғын судан баспанасынан айырылғандардың бір бөлігі ағайын-туысты, енді бірі мемлекет ұсынған эвакуациялық пунктерді паналауға мәжбүр. Өз ақшасына пәтер жалдап жүргендер де бар. Azattyq Rýhy зардап шеккен азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдады.
Орал қаласының тұрғыны Айнұр Жорабекова бала-шағасымен бірге студенттер жатақханасында тұрады. Екі қабатты жер үйін сәуірдің басында су басқан. Алғашында отбасы пәтер жалдаған, бірақ ақшадан тарылғандықтан, эвакуациялық пунктке көшіп келген.
«Бала-шағамызбен анда-мында қаңғып жүргенімізге екі ай болды. Бес балам бар, бесеуі кезек-кезек ауырады. Дәрі ішкізуден қол босамайды. Балалар да, өзіміз де әбден шаршадық. «Қашан кетеміз, қашан өз үйіміз болады, мұнда не істеп жүрміз?» деп сұрай береді. Қалай жауап берерімізді де білмейміз. Осы жатқан орнымыз, тегін тамағы болмаса, басқа ешқандай көмек алып жатқан жоқпыз. Көршілерімнің бәрі эвакуциялық пункте тұрады. Басында әрбір отбасыға бір-бір порошоктан, шампуньнан беретін еді, қазір үш үйге біреу таратады. Тамақтары да нашарлап кетті. Төменгі қабатта ортақ душ бар. Кезек-кезек жуынамыз. Тазалық жағынан орташа енді. Пәтер есігін тоздырып, қаңғып жүргеннен гөрі шүкір», - дейді Жорабекова.
Су тасқынына дейін Айнұрдың дүкені және шағын наубайханасы болған. Нан пісіріп, ақша табатын. Ал қазір жұмыссыз. Техникалары жарамсыз, әкімдіктегілер ешқандай өтемақы болмайды деген. Бір отбасының алты жаны отағасының жалақысына күнелтіп жүр.
«Оның үстіне басымызда кредитіміз бар. Бизнес бастаймыз, үй жөндейміз деп несие алғанбыз. Айына кем дегенде 400 мың теңге төлейміз. Су тасқынынан зардап шеккендерге үш ай төлемеуге рұқсат берді ғой. Бірақ одан не пайда?! Ертең тағы қайтадан уақыты келеді. Үй бермейтін болса, пәтер, кредиттің бәрін төлей алмаймын», - қынжылды оралдық тұрғын.
Оның айтуынша, мемлекет су тасқынынан зардап шеккен әрбір отбасыға 100 АЕК, яғни 369 200 теңге берген. Ал қосымша төленетін 150 АЕК (553 800 теңге) бұл жанұяға әлі түспепті.
«Үйді қарап, залалды бағалауға ешқандай комиссия келген жоқ. Ешкім хабарласқан жоқ. Бүгін барып, комиссия келмеді ғой десем, «келеді, күтіңдер» деген жауап айтты. Енді бір айдан кейін балаларды сабаққа дайындауымыз керек. Үш балам мектепке барады. Не істерімізді білмей, басымыз қатты», - дейді Айнұр Жорабекова.
Аты-жөнін құпия қалдыруды өтінген Петропавл тұрғыны да қызыл судың зардабын тартып жүр. Айтуынша, сәуір айында жер үйлері судың астында қалып, отбасымен анасының үйін паналауға мәжбүр болған.
«Төртінші мамыр күні су басқан үйімізді көріп шықтық. Ішіне кіріп, шошып кеттік. Бәрі шіріп, көгеріп кеткен. Диван, гарнитур, керует – бәрі жаңа, қымбат болатын. Түгел лақтыруға тура келді. Бағалаушыларды екі апта күттік. Олар үйдің ішін тексеріп, бәрін суретке түсіріп шықты. Содан кейін олардан еш хабар алған жоқпыз. Залал мөлшері қанша, бізге оны қашан өтейді, білмейміз. Әлі ешкім ешқайда шақырған жоқ. Сәуір айының басынан бері анамыздың үйінде тұрамыз. Өз баспанаң болмаған соң, ыңғайсызданасың, әрине. Балалар да әрең шыдап жүр. Мектебі мен балабақшасынан алыстап кеттік», - дейді солтүстікқазақстандық әйел.
Айтуынша, тасқыннан үйсіз қалғандарға баспана жағынан ешкім көмектесіп жатқан жоқ.
«Ешкімге көмектесіп жатпағанын анық білемін. Көршілер қазір жартылай қираған үйлеріне оралған, өйткені айына 180 мың теңгеге пәтер жалдап тұру мүмкін емес. Өкінішке қарай, сұраныс көп болғандықтан, бағаны көтеріп жіберді. Бәрінің шамасы келмейді», - дейді ол.
Депутаттар үй мәселесін қалай шешуді ұсынды
Қазақстанда бір-екі жылдан бері жалдамалы пәтер ақысын субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арендалық төлемнің 50 пайызын мемлекет өтейді. Қалған жартысын азамат өз қалтасынан төлейді.
Мәжілістің бір топ депутаты су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға дәл осылай көмектесуді ұсынды.
«Апатты және қираған үйлерді қалпына келтіруге біраз уақыт кетеді. Ал осы кезеңде отбасыларға тұратын баспана қажет. Үйді жалға алу құны – өте көп ақша. Әкімдіктердің тұрғын үй қоры бәріне бірдей жетпейді. Бірақ бізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арендалық төлемнің 50%-ін субсидиялау механизмі жұмыс істейді. Бюджетте қаражат қарастырылған. Осы ережелердің нормаларын зардап шеккен отбасыларға да таратуды ұсынамыз», - делінген үкіметке жолдаған депутаттық сауалда.
Үкімет неге келіспеді
Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен баспана кезегінде тұрған 13 мың адамға арендалық төлемді субсидиялау үшін 6,2 млрд теңге көзделген. Бұл ақша 4 санатқа (жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар отбасылар, көпбалалы аналар мен отбасылар) кіретін азаматтарға беріледі.
Ережелерге сәйкес, төлем алудың негізгі шарты – табыс мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 күнкөріс деңгейінен аспауы керек.
«Аталған механизм және оған бөлінген қаражат мұқтаж және кірісі аз ретінде кезекте тұрған азаматтарға арналған. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылар бұл санатқа жатпайды», - деп жауап берді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Бірақ осы санатқа кіретін және су басқан аймақта үй жалдап тұрған (өз меншігінде баспанасы жоқ) отбасылар пәтердің арендалық құнының 50 пайызын субсидия ретінде алу үшін Отбасы банкке жүгіне алады.