Еліміздің төрт қаласында ауа сапасы нашарлайды
Қала тұрғындарына көшеде ұзақ жүрмеу ұсынылды
«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстанның бірнеше қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай болатынын ескертті. Осыған байланысты Астана, Алматы, Қарағанды және Теміртау тұрғындарына көшеде ұзақ жүрмеу ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Астана, Қарағанды және Теміртау қалаларында ауаның ластануы негізінен түнде сезіледі. Ал Алматыда бұл жағдай күні бойы сақталуы ықтимал.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.