Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шығып, 35 адам эвакуацияланды
Құтқарушылар 10 баланы қауіпсіз жерге шығарған
Ақтөбе қаласындағы он қабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар ондаған тұрғынды қауіпсіз жерге алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға қаланың 11-шағын ауданында болған. Шақырту орнына жеткен өртсөндірушілер он қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерлердің бірінде балкон жанып жатқанын анықтаған.
«ТЖМ бөлімшелері жедел әрекет етіп, жалынның көрші бөлмелер мен өзге пәтерлерге таралуына жол бермеді. Тілсіз жау толықтай ауыздықталды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Өрт кезінде мамандар көпқабатты үйден 35 адамды, соның ішінде 10 баланы қауіпсіз жерге шығарып, құтқарып қалды.
ТЖМ тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті.