Алматыда жалған тауар белгісімен сатылымға шығарылмақ болған ауа баптағыштың ірі көлемі тәркіленді

Azattyq Rýhy

 Тексеріске тауар белгісіиесінің шағымы негіз болған 

Алматыда жалған тауар белгісімен сатылымға шығарылмақ болған ауа баптағыштың ірі көлемі тәркіленді
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласы Әділет департаменті контрафактілік өніммен күрес бөлімінің мамандары жалған тауар белгісімен заңсыз сатылымға шығарылмақ болған Almacom ауа баптағыш кондиционерлерінің ірі көлемін тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әділет департаментіне сілтеме жасап.

Заңсыз сауданың жолын кесу операциясы 15 сағатқа созылды. Тексеріске тауар белгісіиесінің шағымы негіз болған. 

«Әділет департаменті қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде 5 253 000 теңгені құрайтын контрафактілік өнім тәркіленді.  Осы факт бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 158-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», - делінген хабарламада. 

Арнайы операция барысында Әділет департаментінің қызметкерлері тексерілетін субьектінің тарапынан қарсылық пен кедергіге тап болғанын атап өткен жөн. Қарсылық көрсеткен үш адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайын анықтап, кінәлілерді анықтау үшін іс материалдары сотқа жолданды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.