«Таяз ойлайды». Алматылық полицей карантин талабына құлақ аспағандарға арнап өлең шығарды
Ол қазіргі қызметіне келмес бұрын 5 жыл бойы мектепте сабақ берген
Алматы қаласы Полиция департаментінің арнайы және мобильді оқыту басқармасының арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Еркебұлан Корбозов карантин талаптарына құлақ аспаған жандарға арнап өлең шығарды. Аға инспектор өзінен бөлек өзгелердің де басын бәйгеге тігіп, жағдайды қиындатып отырған тұрғындарға өлең жолдары арқыны ренішін білдірді.
«Қой десе де қоймайды,
Тіке таяз ойлайды.
Отыра алмай үйінде,
Карантинмен ойнайды», - дейді аға инспектор.
Полиция өкілі төтенше жағдай режимін сақтамайтындар арнайы рейд кезінде анықталып жатқанын алға тартты.
«Бүгінде полиция қызметкерлері көзге көрінбейтін жау - короновирус инфекциясымен қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр. Біз қалада енгізілген карантинді елемеу және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамау қаншалықты қауіпті екенін тәжірибемізден білеміз. Өкінішке қарай, қауіпсіздік шараларын қолданудың орнына серуендейтіндер, достарымен кездесетіндер тыйылмай отыр. Мұндай адамдар арнайы рейд кезінде анықталып жатыр», - деді Еркебұлан Корбозов.
Ақын полицейдің өлең шумақтарына арнап Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі «клип» те түсіріп үлгерген. Департаменттің хабарлауынша, Еркебұлан Корбозовтың әу бастағы мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ішкі істер органдарында 2007 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан майор бес жыл бойы мектепте ұстаз болып, сабақ берген.
Әмірболат Құсайынүлы, Алматы