Енді түрмедегі камераларды қасақана сындырғандар 7 жылға сотталады

Қылмыстық кодекс тағы бір баппен толықты

Енді түрмедегі камераларды қасақана сындырғандар 7 жылға сотталады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Колониялар мен тергеу изоляторларында бейнебақылау жүйесін қасақана зақымдап, істен шығарғандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, колонияларда жазаны өтеу тәртібін сақтағысы келмеген кейбір сотталғандар бейнекамераларды қасақана зақымдайтын болған. Олар жалпы 683 бейнебақылау камерасын зақымдап, істен шығарған.

«Мұндай заңсыз әрекеттер аймақтарды бақылаусыз қалдырып қана қоймай, мемлекеттік бюджетке айтарлықтай шығын келтіреді. Сол себепті Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді», - деді Әлекешев брифингте.

Нақтырақ айтқанда, Қылмыстық кодекске «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу және уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін қасақана жою немесе бүлдіру» 428-1-бабы енгізілді. Бапта 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Жалпы, бұл сотталғандардың да, қызметкерлердің де заңсыз әрекеттерін тежейтін фактор болады», - деді ІІМ ресми өкілі.

Бұған дейін Қазақстан түрмелерінде бейнекамераның арқасында 43 сотталушы ажалдан аман қалғанын жазған едік.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.