Қосшыда тұратын қолөнер шебері қазақтың сырмағын АҚШ, Дания, Францияға сатып жүр

Azattyq Rýhy

Әлия Қалиасқарова сырмақ пен төсеніштерінің бағасын айтты

Қосшыда тұратын қолөнер шебері қазақтың сырмағын АҚШ, Дания, Францияға сатып жүр
Фото: Azattyq Rýhy

Киізден жасалатын қолөнер бұйымдарының бірі – сырмақ, текемет. Оны сыйлы қонақ келгенде немесе ұлан-асыр той кезінде төрге төсеген.  Сырмақ кигізден жасалғаннан кейін шаңды бетіне жинамайды. Шаң кигіздің астына жиналады. Бір сөзбен айтқанда ол экологиялық тұрғыдан өте таза төсеніш. Алайда осы қолөнер жыл өткен сайын ұмыт болып келеді. Киіз басатын, ши тоқитын, сырмақ сыратын адамдар жоқтың қасында. Қосшы қаласының Тайтөбе ауылында тұратын Әлия Қалиасқарова осы ұлттық қолөнер түрін жасап, көпшілікке насихаттап жүрген санаулы ғана шебердің бірі. Ол Azattyq Ruhy тілшісіне ұлттық өнерді қалай дамытып жүргенін айтыр берді.

«Сырмақ тігу –менің хоббиім»

Мен Тайтөбе ауылының белсенді азаматтарының бірімін. 2019 жылы Наурызда жалға  алу үшін киіз үй іздедік. Сосын бір киіз үй таптық. Оның киіздері ескірген, ішкі жабдықтары арзан матадан тігілген, өте жұпыны көрінді. Жалпы алғанда киіз үйге көңілім толмады. Сосын «қазақта киіз жоқ па, жүн бітіп қалған ба, неге біз осылай ата өнерімізді ұстанбай, тоздырып жібердік» деп ойладым. Шынымды айтсам қатты намыстандым. Идея осы жерден басталды. Сосын Қазақстанда сырмақ, текемет тігетін адамдар туралы іздей бастадым.  Сырмақ жасайтын Алматы облысында 2 апаны ғана таптым. Сырмақ сыру қазір ұмыт болуға айналған қолөнер түрі. Сол кезде декреттік демалысқа шығып жатқан едім. Ойлануға уақыт болмай, бірден сырмақ, текемет тігуді қолға алдым. Роза деген көршім болды, ол жақсы тігінші. Сөйтіп, алғашқы жұмысымызды бастадық. Жүн таптық, ши алдық, өзіміз киіз бастық. Басында әрине қиын болды. Алматы облысында Тамара Қапқызы деген шебер тұрады. Ол кісі дәстүрлі киіз басудың шебері десем болады. Ол кісі маған көп көмегін тигізді. Телефон арқылы түрлі кеңестер берді. Сосын осы маңнан Жеңісгүл апаны таптым. Жеңісгүл апа жиек жібін қалай иіру керектігін және басқа да түрлі әдістерді көрсетті. Міне, осылай осы жұмысты бастадым. Басында хобби ретінде бастағанмен, уақыт өте келе бұл тіршілік көзіне айналды.

«Сырмақ жасауды мен көрдім, менің балаларым көрген жоқ»

Мен негізі әжемнің қызы болдым. Кішкентайымнан әжемнің қасында отырып, жүн түтіп, оны ұршықпен иіріп, жіп жасаған кезде үнемі қасында болатынмын. Соның бәрін көріп өскеннен кейін бе, осы асыл өнерді жалғастырғым келді. Сөзімнің басында айттым ғой, мүлде ұмыт болып бара жатқан өнер деп. Мен көрдім, ал менің балаларым оны көрген жоқ ғой. Кейінгі ұрпақ санасында қалсын деген оймен осы киіз киіз басу өнерін қолға алдым. Ескі әдіспен жиек жігін өзіміз иіреміз. Мұның бәрі үлкен қол еңбегі.

 «Бір сырмақтың бағасы 60 мыңнан басталады»

Басында сырмақты хобби ретінде алып жүрдім. Уақыт өте келе оған сұраныс барын байқадым. Адамдар қызықты, өзім араласып жүрген адамдардың өзі арнайы тапсырыс беріп, сырмақ тіккізіп алып жатты. Алғаш сырған сырмағымызды Мәскеуге алып кетті. Біз тіккен сырмақтарды АҚШ-тың Калифорния штатына, Данияның Копенгаген қаласына, Францияға әкетті. Былтыр 10 сырмақты Катар елінің елшілігі алды. Қазір 3 адам жұмыс істейміз. Айына 3 сырмақтан тігеміз. Сырмақ жасау өте көп уақытты алады. Сырмақтың барлық жұмысы қолмен жасалады. Бұл оның бағасына әсер етеді. Мысалы 2*3 көлемді сырмақ 360 мың теңге тұрады. Ал 120*80 көлеммен 180 мың теңгеге сатылады. Жалпы сырмақтың бір шаршы метрін 60 мың теңгеге бағалайсыз. Мұнда тек таза қолдың еңбегі қажет және оны ешқандай машина  көкейдегідей тіге алмайды. Қазір жүн бар. Жамбыл облысында да жүн өңделіп жатыр. Бізге таралған таза, түтілген жүн келеді. Бірақ боялмаған. Оны өзіміз боямыз. Жиек жіптерін иіріп, оны да түрлі түстерге боямыз. Жүнді бояу үшін көп су қажет болады. Осы жұмыстардың бәрін жаз мезгілінде істейміз.

Біз көбінде сырмақты қылшықты киізден тігеміз. Иә, киіз болған соң қылшық шығады. Басында бір айдай жүн отырған кезде денеге жабысуы мүмкін. Ал меринос қойдың жүні жұқа болады. Одан қылшық жұқпайды. Алайда ол жұқа болғандықтан аяқтың астында көп жататындықтан тез жыртылып қалады. Ал қылшықты жүн аяқтың астында жатқан сайын жүні мен қылшығы басылып, үстіге жабыспайтын болады. Сондықтан текемет пен сырмақты жасаған кезде қылшықты жүннен жасаған киізді пайдаланған дұрыс. Ол аяққа төзімді.

«Экологиялық таза төсеніш»

Негізі сырмақ шаңды үстіне жинамайды. Қазір бәріміз пайдаланып жүрген кілемшелер мен түрлі төсеніштер шаңды бетіне жинайды. Таңертең күн түскенде байқаймын, балам жүгіріп өткенде, едендегі төсеніштен шаң бұрық ете қалады. Ал менің жатын бөлмемнің еденінде сырмақ жатыр. Оның астын көтерсеңіз шаңның бәрі астында. Балалар қазіргі төсеніштерде еңбектейді, мүмкін содан да шығар балалар арасында түрлі аллергиялық ауырулардың көбейіп кетуі. Ал киіз экологиялық таза өнім болғандықтан, шаңды өзіне сіңіріп, басқан кезде бұрқырамайды.

«Бізде ұлттық өнер дұрыс насихатталмайды»

Негізі Қазақстанда ұлттық өнерді насихаттау жұмысы нашар жүргізілетін сияқты. Қазір Астанадағы кез келген дәмхана немесе мейрамханаға кірсеңіз бәрі еуропаланып кеткен, бір стандартты, қазақтың иісі мүлде шықпайды. Мен өзім Ташкентте болдым. Ташкенттің кез келген жерінен өзінің ала шапаны мен тақиясын киген өзбектерді көресіз. Өзіңізді Өзбекстанда жүргеніңізді бірден сезесіз. Ал бізде осындай дүниелер жоқ. Ұлттық ерекшеліктеріміз мүлде байқалмайды. Тек бірең-сараң оқиғалар ғана кездеседі. Жалпы ұлттық салт-дәстүріміз, қолөнеріміз, бізді басқалардан ерекшелеп тұратын төл туындыларымыз күнделікті өмірде көрінбейді, насихатталмайды. Мүмкін сондықтан да болар кейбір асыл мұраларымыз көмескіленіп, тек мұражайдан көретін жағдайларға жетіп қалдық. Тек енді-енді ғана бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып жатыр. Қазақстандық қолөнершілер түрлі көрмелерге қатысып, өздерінің жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алып жатыр. Жақында «Қазақ өнері» деген қауымдастық құрылды. Бұл ұлттық өнердің дамуына серпін береді деп сенемін.

«Қоғамдық кеңестің мүшесімін»

Мен Қосшы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде қаламыз бен ауылымыздың өсіп-еркендеуі бағытында қолдан келгенше өз үлесімді қосып жүрмін. Мәселен, көктемгі су тасқыны қаупі кезінде, көшелерде жарық, су болмай қалғанда, тағы да басқа әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар туындағанда тұрғындардың мүддесін қорғау жұмыстарына ат салысамын. Қоғамдық кеңестің табанды жұмысының арқасында Қосшы қаласында емхана ашылды. Бұдан да басқа ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жасалды, жасалып та жатыр.

«Сырмақ тігу қолөнерін одан әрі дамытқым келеді»

Жалпы біз киізбен байланысты қандай да тапсырыс келсе, соның бәрін қабылдай береміз. Сырмақ мен текементтен бөлек ат жабу, тоқым, тұсаукесерге арналған төсеніштер тігеміз. Осы жұмыстардың бәрін өз күшіммен бастап, оны көпшілікке насихаттап жүрміз. Болашақта мемлекет тарапынан субсидия немесе жеңілдетілген несие болса соны алып, осы асыл өнерімізді одан әрі дамытып, жетілдіргім келеді. Киізді басатын машина алсам, жұмысымыз одан әрі жеңілдейтін еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.