Екібастұзда жер үй мен шаруа қожалығы алапат өртке оранып, бір отбасының алты адамы көз жұмды
Өрт сөндіруге шамамен 30 қызметкер мен 10 техника бірлігі жұмылдырылды

Бүгін Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Солнечный ауылында жер үй мен шаруа қожалығы өртеніп, бір отбасының алты адамы опат болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына дереу Павлодар өңірлік ТЖД күштері мен құралдары, ГРЭС-2 өртке қарсы құрамалары және Солнечный ауылдық өрт бекетінің қызметкерлері жіберілді. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар сыйымдылығы 27 литрлік сегіз газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді.
Жалынмен күреске шамамен 30 қызметкер мен 10 техника бірлігі тартылды.
«Өрт сөндірушілер жеткен сәтте тұрғын үй толығымен отқа оранғаны анықталды. Өрт салдарынан шатырдың бір бөлігі опырылған. Тілсіз жау сондай-ақ шаруашылық нысандарына да тараған. Жалпы өрт аумағы 920 шаршы метрді құрады.
Өрт кезінде үй ішінде жеті адам болған. Олардың бірі – 1972 жылы туған ер адам өз күшімен сыртқа шығып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр. Тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.