«Атақты «5:32» киносындағы маньяктар емделіп жүр»: депутат Талғардағы жындыханада кімдер жатқанын айтты
Кешенді шаралар дер кезінде қабылданбаса, біз қайталанбас қасіретке тап болуымыз мүмкін дейді депутат

Сенат депутаттары Геннадий Шиповских пен Евгений Больгерт премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдай отырып, Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылында орналасқан «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханасының» бүгінгі жай-күйін айтып, мәселе көтерді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, бұл аурухана еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде ерекше әрі стратегиялық маңызы бар жалғыз мемлекеттік мекеме
«Бұл мекеме – қоғам үшін аса қауіпті істер жасаған, психикалық ауытқулары бар адамдарды сот шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберетін жалғыз орталық. Бұл аурухана Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылында орналасқан. Сондай-ақ, мекеменің елдің ең ірі мегаполисі Алматы қаласынан 35 шақырым жерде орналасуы ерекше назарды талап етеді. Мұнда еліміздегі ең қауіпті контингенттері, яғни террористік және экстремистік ұйымдардың қатысушылары, шетелдік соғыс қақтығыстарында болғандар, кісі өлтірушілер, каннибалдар, педофилдер және өзге де аса ауыр қылмыс жасағандар мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. Олардың 83%-ы психикалық сырқатынан мүгедек деп танылған», - деп хабарлайды депутаттар.
Дереккөзге сүйенсек, ғимарат 1972 жылы салынған, бірақ әлі күнге дейін капиталды жөндеу көрмеген. Палаталар тар, пандустар мен лифтілер жоқ, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейді.
«Одан бөлек, мекемеде қоршау талаптарға сай келмейді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды мәселе. Өйткені мұндағы науқастардың арасында атышулы қылмыскерлер де бар. Айталық, көпшілікке танымал, отандық «5:32» фильміндегі кейіпкерлердің прототипі дәл осы мекемеде мәжбүрлі ем алып жатыр. Демек, бұл тек медициналық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін ескергеніміз жөн», - дейді депутаттар.
Оған қоса, мекемеде кадр тапшылығы ушығып тұрған көрінеді. Мысалы, аурухананың штатына сай, 750 адам жұмыс істеу керек болса, қазір тек 647 адам еңбек етіп жүр.
«Әсіресе кіші медициналық қызметкерлер мен шаруашылық саласы мамандары арасында кадр тұрақтамайды. Негізгі себеп – төмен жалақы мен әлеуметтік пакетінің жоқтығы. Қызметкерлердің жүктемесі ауыр, бірақ еңбекақысы ең төмен деңгейде қалып отыр. Осының барлығы – стратегиялық нысанның тұрақты әрі қауіпсіз қызметіне үлкен қатер төндіреді. Ал ең сорақысы – осындай жағдайда біз қоғам үшін аса қауіпті адамдарды бақылауда ұстап отырмыз», - дейді депутаттар.
Осы аталғандарды ескере отырып, депутаттар премьер-министрден мына мәселелерді шешуді сұраған:
- «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухананы» стратегиялық маңызы бар объектілердің қатарына енгізу;
- Жаңа 300 орындық корпустың құрылысын бастау, негізгі қоршауды қайта салу, сонымен бірге қолданыстағы ғимаратқа капиталды жөндеу және сейсмокүшейту жұмыстарын жүргізу;
- Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіп, мекеме қызметкерлеріне төленетін қосымша төлемді арттыру және әлеуметтік пакетпен қамту;
- инженерлік жүйелерді (сумен қамту, жылу, канализация, электр жабдықтары) жаңарту үшін инвестициялық жоба әзірлеу және қаржыландыру.
«Бұл мәселе – қарапайым мекеменің жағдайы емес. Бұл – қоғам қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін, ұлттық мүддеге қатысты нысанның тағдыры. Кешенді шаралар дер кезінде қабылданбаса, біз қайталанбас қасіретке тап болуымыз мүмкін», - деп түйіндеген сөздерін депутаттар.