$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2024, 17:47
Қоғам

Қоғамдық кеңес пен биліктің мүддесі бір - Сайра Матайбаева

Қосшы қаласының Қоғамдық бақылау кеңесі қала халқының өзекті проблемаларын жергілікті билікке жеткізеді

Қоғамдық кеңес пен биліктің мүддесі бір - Сайра Матайбаева
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 250-ден аса Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Билік пен қоғамның арасындағы көпір ретінде жұмыс істейтін кеңес өзінің өміршеңдігін нақты дәлелдеп келеді.  Ел ішіндегі проблемаларды қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін де, одан тиісті нәтиже шығартатын да дәл осы ұйым. Осы мүддеден шығып жүрген Қосшы қаласы Қоғамдық кеңесі енді қала болып гүлдене бастаса да қат-қабат әлеуметтік-тұрмыстық, коммуналдық проблемалары бар шаһар тұрғындарының үнін әкімдікке жеткізіп, проблемалардың оң шешілуіне мұрындық болып жүр. Қосшы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайра Матайбаева Azattyq Ruhy сайтына сұхбат беріп, ұйымның біз айтқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Шағын және ірі қалалардың шешімін таппаған мәселелері қай кезде де жеткілікті. Ал қала басшыларының жағ­дайды толық бақылап, бәрін көріп-біліп отыруға уа­қыты жете бермейді. Қоғам­дық кеңес сондықтан да керек. Жалпы Қосшы қаласының Қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– Иә, өте дұрыс айтасыз. Біздің елімізде Қоғамдық кеңестердің жұмысы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Нәтижесінде атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түсті. Қосшы қалалық  Қоғамдық кеңесі 2021 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. Осы кезеңнен бастап ұйым ауыз толтырып айтарлық жұмыстар тындырды. Халық өте тығыз орналасқан қаланың қат-қабат проблемаларын шешу бағыттарында аса маңызды қадамдар жасады. Жалпы біздің кеңесте әр жылға арналған жұмыс жоспары бекітіледі. Он екі ай ішінде 20-ға жуық ең маңызды деген мәселелерді қарауды жоспарлаймыз. Дегенмен,  Қоғамдық кеңеске келіп түскен ұсыныс, пікірлер, нормативтік актілердің жобасын қарау және тұрғындардың өтініштеріне сәйкес қаралатын мәселелердің бар болуына байланысты кей уақытта айына 3-4 отырыс өтеді. Яғни, мәселені тек бекітілген жоспар бойынша қарау деген түсінік жоқ.

Қосшы қала статусын алғаннан бері 3 жылға жуық уақыт өтті. Әрине шешімін таппаған мәселелер өте көп, әсіресе инфрақұрылым, электр жарығымен қамтамасыз ету, ауыз су, автокөлік жолдарына қатысты қат-қабат проблемалар жетерлік.  Қала күннен күнге үлкейіп келеді, оның үстіне  халық саны өскен сайын олардың талабы да көбейеді.  Аталған проблемалық мәселелер күн тәртібінен түспейді. Бұдан басқа әкімдіктің құрылымдық бөлім басшыларының есебін үнемі тыңдап, олармен бірлесіп жұмыс істейміз. Жалпы қоғамдық кеңес  2021 жылдың  2 айында 4 отырыс өтіп, онда 14 мәселе қарады. Ал 2022 жылы 25 отырыс өтіп, 63 мәселе қарадық. 2023 жылы  18 отырыс өтіп 62 түйінді мәселені қаралды. Осы жылдың 1 тоқсанында  төрт отырыс өткізіп, онда 15 мәселені талқыладық.

Қоғамдық кеңес мүшелері әкімдік жанындағы түрлі комссиялардың мүшелері.  Әр апта сайын қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаттарымен бірлесе отырып, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдау жолға қойылған. Бұл да тұрғындардың арыз-шағымын, мұң-мұқтажын тыңдай отырып, тиімді шешімдер қабылдаудың маңызды бір жолы деп білемін.

Негізі Қоғамдық кеңестің жұмысы қашанда ашық әрі айқын. Әр отырыста қаралған мәселелерді әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда  жариялап отырамыз. Жылына екі рет атқарылған жұмыстар туралы  ақпарат жергілікті  «Жаңа бастау» газетіне  жарияланады.

–Қосшы Қоғам­дық кеңесі құрамында қанша адам бар және олар қандай топтарға бөлінген?

– Қазіргі кезде Қоғамдық кеңестің құрамында 11 адам бар. Осы жылы шығып қалған мүшелердің орнына конкурс өтті.  Қараша айында кеңестің құрамына тағы бір адам қосылады. Сонда барлығы 12 адам боламыз. Жалпылай алған кезде кеңесте жұмыс істеймін дейтін белсенді азаматтар өте көп. Кеңес жанынан  экономика және құқық комиссиясы,  әлеуметтік мәселелер жөніндегі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі бірнеше комиссия жұмыс істейді. Аталған комиссия өздерінің бағыттары бойыншажан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр.

–Қоғамдық кеңес мүшелері іріктеуден өте ме? Олар қалай таңдалады?

Қоғамдық кеңес мүшелерін таңдау  ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестер құру туралы  белгіленген тәртіпке сәйкес,  конкурстық негізде  3 жыл мерзімге  сайланады. Шығып қалған кеңес мүшелерінің орнына қосымша,  қалған уақытқа, яғни 3 жыл мерзім аяқталғанға дейін  конкурс жарияланады.  Бізде 2 рет конкурс өтті.

Сіз басшылық ететін Қоғам­дық кеңес биыл қандай маңызды мәселелермен айналысып жатыр? Нәтижелері қандай? Болашақтағы жоспарларды да айта кетсеңіз?

Мемлекеттің байлығы – оның азаматы, халқы. Олардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесі бірінші орында болуы тиіс деп білем. Қоғамдық кеңес Қосшы қаласынан мемлекеттік емхананың ашылуына белсене араласты. Нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты. 2023 жылы пайдалануға берілген емхана бәсекелестік ортаға жіберілген кезде жеке емхана ретінінде ашылған. Алайда бұл емхана толық бюджет қаржысына салынған.  Осы хабарды ести сала жеке өзім барлық деңгейде осы мәселені көтердім. Тиісті мекемелерге неге халықтың ақшасына салынған емхана мемлекеттік болып жұмыс істемейді деген сұрақтарды қойдық. Тиісті инстанцияларға  хат жазып,  мінбелерде ой-пікірімізді ашық айттық. Нәтижесінде  ол мемлекеттік емхана болып ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

Одан бөлек Қосшы қаласынан жедел жәрдем стансасын ашуға қол жеткіздік. Қазір 3 бригада жұмыс істейді. Бірақ бұл салада шешімін таппай жатқан мәселелер көп.  Жедел жәрдем стационарлық емдеуді қажет ететін науқастарды Астана қаласындағы облыстық  ауруханаға тасымалдайды.  Жедел жәрдем көлігі жолға көп уақыт жоғалтады. Елорданың шетіне қарай орналасқан ауруханаға науқасты жеткізу үшін 1,5-2 сағат кетеді. Ал осы уақытта шұғыл көмекке мұқтаж басқа науқастар күтіп қалады. Бұл жылдам шешімді қажет ететін өте маңызды шаруа. Қазір осы мәселені де жан-жақтан көтеріп жатырмыз. Оның үстіне қала халқының саны жылдам өсіп жатыр. Бұл да жедел жәрдем қызметінің жалпы жұмысына күш түсіреді.

Қосшы экологиялық тұрғыдан таза қала болу керек. Бұл бағытта да Қоғамдық кеңес ауыз толтырарлықтай жұмыстар жүргізді. Мәселен, Тайтөбе ауылы маңында түрлі қоқыстар, тұрмыстық қалдықтар тастайтын заңдастырылмаған полигон орны болды.  Осы мәселені жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесе көтеріп, қоқыс полигонын толық жаптырдық. Бұл жалпы қаланың экологиялық ахуалының жақсаруына бірден-бір әсер еткен жағдай деп айта аламын. Қазір қаладан шығарылған қоқыс елордада арнайы бекітілген полигонға тасымалданады. Әрине, бұл жұмыс қоқысты тасымалдайтын компания үшін қосымша шығын болуы мүмкін. Бірақ Қосшы қаласының маңынан қоқыс полигонын  салу заң нормаларына сәйкес келмейді, екіншіден эколологиялық ахуалды қатты нашарлатып жіберуші еді.

–Қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстары, диалог алаңдары қаншалықты жиі өтеді? Негізгі қандай тақырыптарды қамтиды?

Бізде көшпелі отырыстарды өткізуге  қатты қажеттіліктер жоқ. Себебі  қала шағын және тұрғын алаптар бір-біріне жақын орналасқандықтан келіп-кету ыңғайлы. Бізде Қоғамдық кеңес жұмысына қатысам дейтін азаматтарға әрқашан есігіміз ашық. Қаланың проблемаларын көтеріп, оны жергілікті билікке жеткізіп жүрген белсенді азаматтар баршылық. Олармен де тығыз қарым-қатынастамыз. Бұл азаматтардың арнайы жеке чаты да бар. Белсенді азаматтармен күн тәртібіне байланысты хабарласып, қажет болған жағдайларда отырыстарға шақырамыз. Қосшыға қарасты Тайтөбе ауылынан 3 азамат Қоғамдық кеңес мүшесі,  «Лесная поляна» тұрғын  алабынан да 4 азамат мүше.  Сондықтан қаладағы проблемалық мәселелерден дер кезінде хабар алып отыруға толық мүмкіндіктері бар.

Кеңес мүшелері халықпен  етене жақын, тұрғындардың негізгі ортақ проблемаларының барлығымен дерлік хабардар. Мүшелер кез келген уақытта, кез-келген жерге барып халықпен кездесуге, олардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын тыңдауға дайын. Оларды тыңдап ғана қоймай оны жергілікті атқарушы билікке жеткізуде. Бұл көзге көріне бермейтін орасан зор жұмыстардың бір парасы ғана.

Қоғамдық кеңестің мүшелері айналысатын мәселелер өте көп. Ең негізгілері тұрғындарды ауыз сумен толық қамтамасыз ету,  электр жарығының жиі сөнуіп қалуы,  электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған  ұйымның  мүмкіндіктерінің шектелуі және осы бағытта қалада бірнеше ұйымның жұмыс істеуі.  Біз қаланы электр жарықпен қамтамасыз ету толығымен «АРЭК» ЖШС-на  өткенін қалаймыз. Бұл мәселе 3-4 реттен қаралды, бірақ шешімін таппай отыр. Аталған мекеме толық линияны қабылдау үшін жарамды болуын талап етеді, ал оған мемлекет жекенің меншігінде болғандықтан қаржы бөлінбейді. Сондай-ақ жеке секторларға электр желісін тартқан мекеме  банкротқа  ұшырап, барлық электр жүйесін тапсырмай кеткен. Желілер қарайсыз, бақылаусыз қалған. Әрине оның зардабын қарапайым тұрғындар тартуда. Сондықтан да қаланы электр жарығымен қамтамасыз ету өте күрделі болып қалып отыр.  Осындай күрделі әрі шешімі қиын жұмыстардың басы-қаасында тағы да қоғамдық кеңес мүшелері шырылдап, тұрғындар мен қызмет көрсетуші ұйым арасында дәнекер болуда.

Тұрғындардың  жиі көтеретін тағы бір мәселесі –қаңғыбас иттерді аулауға қатысты жұмыстар. Бұл да өте өзекті мәселе. Осы жұмыстармен айналысатын мемлекеттік мекеме қалада жоқ. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды біздің мүшелеріміз жиі-жиі көтеріп, әкімдікке, тисті құзырлы мекемелер назарын аудартып келеді. Қалаға табиғи газ тарту мәселесі де өзекті деп айтамын. Астана қаласына келіп тұрған көгілдір отынды  Қосшы қаласының  халқы да пайдаланғысы келеді. Бұл мәселе шешілсе қаланың экологиялық проблемалары да жақсарады деп ойлаймын. Тұрғындарды газбен қамтудың қажеттіліктері жайында тиісті органдарға жиі-жиі өтініштер жасаймыз.

–Қоғамдық кеңестердің орасан зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдардағы халыққа жолдауында айтқан болатын. Бұл бағытта не айтар едіңіз?

Қоғамдық кеңестің әлеуеті әрине зор және ол халық пен биіктің ортасындағы көпір  десем артық емес. Мемлекеттік органдар өздерінің міндетті жұмысын атқарады,  ал қоғамдық кеңес мүшелері  тұрғындар арасынан сайланған соң олардың талабын,  пікірін биліктің назарына  жеткізуші.  Негізі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар халықтың мүддесі үшін бірлесіп жұмыс жасаса шешілмейтін мәселе жоқ деп ойлаймын.  Бізде Қоғамдық кеңес деген кезде «Кеңес сыбаға үлестіріп, аста-төк уәдені беруші емес. Олар билікке жұрттың талап-арызын жеткізуші және билік басындағылармен керіспей, керісінше келісімге келушілер. Себебі Қоғамдық кеңес пен биліктің мүддесі бір. Екеуін халықтың мұң-мұқтажы біріктіреді» деген түсінік болу керек. Осыны нақты айтқым келеді.

Қоғамдық кеңестер ешбір мекеменің құзырына кірмей, тәуелсіз жұмыс істеуі қажет екені үнемі айтылады? Бұған не дейсіз?

Қоғамдық кеңес  ешбір мекеменің құзырына кірмейді, тәуелсіз жұмыс жасайды.   Алайда  мемлекеттік мекеме өзіне жүктелген міндетті жұмысын атқара алмаса, тиісінше атқармаса оларға ұсыныс беруге,  есептерін тыңдауға  құзырлы.  Қоғамдық кеңес мемлекеттік органның алдында жауапты емес, ол тәуелсіз жұмыс жасауға міндетті.  Біздегі кеңестің әр мүшесі билікке ойын ашық айтатын, ұсыныс-пікірлерін  жергілікті  билікке  жеткізе   алатын азаматтар.

–Жалпы Қоғамдық кеңес жұмысы 2013 жылдан бастау алды. Ондаған жыл өтті. Бұл бастама қоғамды ілгерлетуде қаншалықты нәтиже берді деп ойлайсыз? Жеке пікіріңізді айта аласыз ба?

Қоғамдық кеңестің жұмыс істегеніне 10 жылдан  аса уақыт болғанымен,  Қосшы қалалық қоғамдық кеңесінің жұмысына 3 жыл ғана болды. Бұл біреулер үшін көп, біреулер үшін аз уақыт болуы мүмкін. Мен қазіргі Қосшы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы  ретінде атқарылған  жұмыстарға өз бағамды бере аламын. Аталған кезең ішінде жергілікті атқарушы органның  жұмыстарын жүйелеуге,  тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға, олардың әлеуетін арттыруға  өзіндік үлесін қосып отыр.  Қоғамдық кеңес жеке адамның емес, жалпы қоғамның ортақ мәселелерін көтереді,  шешу жолдарын  бірге қарастырады.

Өзім бұған дейін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі болған уақытта да бұл қоғамдық ұйымның  негізгі мақсатын түсіндім және  қоғамға  қандай да бір пайдамды тигізсем екен деген  мақсатпен жұмыстар  жасадым әлі де жасап жүрмін. 

Жергілікті билік қоғамдық кеңестердің көтерген мәселелері мен ұсыныстарын қарап,  уақытылы шешіп, жұмыстың нәтижесін көрсетіп отырса  билікке халықтың  да сенімі артатыны сөзсіз. Сіздің сұрағыңызға біз сөзбен қорытып жауап айтатын болсам, Қоғамдық кеңес билік пен азаматтық қоғам арасын байланыстырушы буын ретінде әрекет етіп, сол арқылы жұртшылық пен биліктің тиімді диалогын құрады. 

–Сайра Әйтенқызы, бізге сұхбат беріп, тұщымды ақпарат айтқаныңызға рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Қосшы