Қазақстанда коронавирустың таралуы бойынша жағдай қашан тұрақталады
Министрдің жауабы
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күнделікті 8%-бен өсіп жатқанын хабарлады. Жағдай тұрақталу үшін осы көрсеткіш 5%-дан төмен болуы керек.
«Күн сайын 100, 140 деген үлкен сандар қорқытуы мүмкін. Бірақ бұл эпидемияның өзіне тән сипаты, сол эпидемияның сатысына байланысты. Эпидемиялық тұрғыдан қарағанда бізге ауырған адамдар саны да маңызды дегенімізбен, өсу деңгейі одан да маңызды. Мысалы, дүйсенбі таңертең 1711 адам тіркелсе, олардың әрқайсысы 3 адамға жұқтыруы мүмкін. Сонда келесі күні ешқандай шара қабылдамасақ, 5000 адамнан анықталуы мүмкін. Осы 5000 адам тағы 3-тен жұқтырса 15 мың болады. Осындай есеп, эпидемияның өсу деңгейін көрсетеді. Қазір 8%. Бұл коронавирустың таралуы төмендегенін, жағдайдың тұрақталғанын көрсетпейді. Біздің мақсатымыз 5%-дан, сосын 1%-дан төмен деңгейге жеткізу. Сол кезде ғана эпидемияның таралуы шектеліп жатыр дей аламыз. Яғни, ауырғандар саны жұқтырғандардан аз болуы тиіс. Әзірге вирус таралуының шарықтау шегіндеміз», - деді ол.
Өткен тәулікте 141 жаңа жағдай тіркелген.
«Біз есепті күн сайын кешкі 8 бен таңғы 8 аралығында жүргіземіз. 8-ден кейін түндегі тест нәтижелері шығады. Кеше Алматыда 82 адамнан коронавирус анықталды. Оған қоса, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында көбейіп жатыр», - деп қосты ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан