Ақтауда коронавирус жұқтырған әйел босанды
Вирус жұқтырған келіншек инфекциялық стационарда ем алуын жалғастырады
Ақтауда COVID-19 вирусын жұқтырған 27 жастағы келіншек босанды. Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық комуникациялар орталығы хабарлады.
Әйел 21 сәуір күні кешке босанған.
«2,7 килограмм салмақта қыз бала дүниеге келді. Босандыру кезінде облыстық перинаталдық орталық, Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, сондай-ақ Нұр- Сұлтандағы ахуалдық орталық мамандарымен бірлесіп жұмыс істеді», - деді облыстық орталық ауруханасының баспасөз қызметі.
Жаңа туылған шақалақтан бірден коронавирусқа қарсы талдау алынды.
«Талдау нәтижелері әзірге белгісіз. Баланың жағдайы жақсы. Қазір ол провизорлық стационардың балалар палатасында жатыр. Баланы білікті медициналық қызметкерлер үздіксіз қадағалайды, - деп атап өтті орталықта.
Вирус жұқтырған келіншектің жағдайын дәрігерлер тұрақты деп сипаттады, ол инфекциялық стационарда ем алуын жалғастырады.