БҚО-да коронавирус жұқтырған 2 адам Ресейде вахталық жұмыста болған
Облыста COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 72 адамға жетті
22 сәуір сағат 09:25-тегі мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы табылған азаматтар Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс істейтін 40 және 43 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты.
«Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы «Сырым» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандар байланыссыз термометрия жасап, сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың денсаулық жағдайына еш шағымы болмаған. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 09.04.2020 жылғы №32 қаулысына сәйкес, COVID-19-ды жұқтырған-жұқтырмағанын зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға жіберілді», - деп хабарлады Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысы азаматтардан COVID-19 диагнозын нақтыланды.
Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Азаматтармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошағында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі таңда облыста COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 72 адамға жетті.