Коронавируспен өмір сүріп үйренуіміз керек – Біртанов
Ешбір мемлекетте төмендеген күннің өзінде 0-ге шыққан жоқ
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирустың таралуына қатысты өз болжамын айтты.
«Кез келген инфекцияның шарықтау шегі, дұрыс жұмыс істелсе төмендеу деңгейі байқалады. Ешқандай мемлекетте төмендеген күннің өзінде 0-ге ешкім шыққан жоқ. Мысалы, Қытайда да қазір мүлдем ауырғандар жоқ дей алмаймыз. Инфекция бұл әлемнен ешқайда кетпейді. Сондықтан үш ай ішінде, наурыз, сәуір, мамырда біз вирустың өсуін байқаймыз. Бірақ одан ауырғандар шығады, таралады. Біздің міндетіміз – осы жағдаймен өмір сүруге үйрену. Әрқашан карантинде отыра бермес үшін қорғаныс шараларын сақтап үйренуге тиіспіз», - деді Е.Біртанов.
Министрліктің есебінше мамыр айының соңына дейін 3500-дей жағдай болуы мүмкін. Одан кейін қанша адамнан COVID-19 анықталатыны белгісіз.
«Көптеген сарапшылар коронавирус қайтадан күзде қатты таралады деп болжап еді. Бірақ инфекция толқыны жазда қайталануы да ықтимал. Жаңа вирус болғандықтан бәлен деп айту қиын. Мамырдың өзі бізге қауіпті болатын шығар. Адамдар басқалармен қауіпсіз байланыс жасап үйренбейінше, Үкіметке карантин сияқты қатаң шаралар енгізе беруге тура келеді».
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан