«Өзге мәзһабта намаз оқыған»: Шымкент мешітінде «әмин» деп дауыс шығарған ер адам таяқ жеп қалды
ҚМДБ намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалатынын ескертті

ҚМДБ Шымкент мешітінде болған төбелеске байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде намаз оқып, сап түзеп тұрған ер адамдардың бірі екіншісін шынтағымен соғып құлатып, төбелес шығарған. Оқиғаның видеосы желіде тарады.
ҚМДБ оқиғаның 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында болғанын хабарлады.
«Өзге өңірден Шымкент қаласына келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған»,- делінген хабарламада.
Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырды.
ҚМДБ «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалатынын ескертті.