Назарбаевтың күйеу баласы да бар: Бозымбаев су басқан өңірлерге ақша бөлген олигархтарды атады
Су басқан өңірлерде шығын әлі есептеліп жатыр

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жоюға демеушілік көмек көрсететін олигархтардың есімін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өздеріңіз білесіздер, бизнес өкілдері демеушілік міндетемелерді өздеріне алып отыр. Біз өңірлер үшін тізім жасап бекіттік», деді Қанат Бозымбаев үкімет отырысында.
Су тасыған өңірлерге ақша бөлген бизнесмендердің арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев та бар.
«Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша су тасқыны салдарын жою (оның ішінде тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша) Т. Құлыбаевтың және Ракишевтің бір топ компаниялары көмек көрсетеді», - деді ол.
- Ақмола облысы бойынша – Integra Construction (В.Ким) және «RG Gold»;
- Ақтөбе облысы бойынша – «Болат Өтемұратов қоры», «BI Group» АҚ және «ERG» компаниялар тобы;
- Батыс Қазақстан облысы бойынша – «Астана моторс» компаниялар тобы, «BI Group» АҚ, «Jusan» банк, «Банк Центр кредит» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС, КПО;
- Қостанай облысы бойынша – «ADD Capital», «ERG», «Аллюр» және «АгромашХолдинг», «Базис-А», сондай-ақ «RG Brands» компаниялары;
- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – «Қазақмыс» корпорациясы, «Каспи.кз» АҚ, «KAZ Minerals» тобы демеушілік көмек көрсетеді.
Бозымбаевтың ақпаратынша, бүгінгі таңда 20 мыңнан астам отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге. 680 отбасыға келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге өтемақы берілді.
568 отбасы үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды.
Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, деп сендірді үкімет басшысының орынбасары.