Павлодарда құны 500 мың теңгеден аспайтын үйлерді мемлекет неге 16 есе қымбатқа «сатып алған»
Бұл алаяқтық схемасы мемлекеттік бюджетке 600 млн теңге шығын әкелген

Алаяқтар «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын қосымша «табыс» көзіне айналдырған. Дәлірек айтсақ, азаматтарды оңтүстік аймақтардан солтүстіктегі халқы аз елді мекендерге қоныстандыру бөлінген бюджеттік қаражатты ұрлау фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Павлодар облысының прокуратурасы хабарлағандай, алаяқтар бюджет қаражатын иемдену үшін тұтас бір схема жасаған. Бұл бағдарламаға сай, мемлекет оңтүстіктен солтүстікке көшіп келемін деген азамат үшін үйдің 50 пайыз шығынын өтеп береді. Бірақ, төленетін сумма 4,2 млн теңгеден аспауы тиіс. Алаяқтар солтүстікте қараусыз қалған үйлерді 500 мың теңгеден бастап сатып алған. Содан, оңтүстіктен солтүстікке құжат бойынша ғана көшіп келген адамдардың атынан бағдарламаға өтініш беріп, әлгі үйлердің құнын 8 млн теңге деп көрсетіп отырған.
«Соның салдарынан қоныс аудару тек қағаз жүзінде ғана орындалады, халық көшіп кеткендіктен, облыста 59 елді мекен жойылған. Схема бойынша 6 ауданда ғана 600 млн. теңгеге шығын анықталды», - деп хабарлайды Павлодар облысының прокуратурасы.
Прокуратура тексеру материалдарын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша тіркеген. Тергеуді арнайы прокурор жүргізіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Azattyq Ruhy халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру сәтсіз аяқталғанын, бюджеттен бөлінген 43 трлн теңгенің тағдырын жазған болатын.