«Тең мүмкіндіктер»: «AMANAT» партиясының қолдауымен инклюзиялық спорт жарысы өтті

Azattyq Rýhy

Бұған дейін Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында да осындай шаралар ұйымдастырылған болатын

«Тең мүмкіндіктер»: «AMANAT» партиясының қолдауымен инклюзиялық спорт жарысы өтті
Фото: партияның баспасөз қызметі

Қызылордада «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында инклюзиялық қоғамды дамыту және насихаттауға бағытталған «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Спорттық іс-шара бұған дейін Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында ұйымдастырылып, сайыстарда 125 команда бақ сынаған болатын. Бүгінгі облыстық фестивальге аумақтық кезеңдерден жеңімпаз болып танылған 32 команда қатысты.

Партияның Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың айтуынша, мұндай жобалар ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың құрдастары арасындағы достық байланысты нығайтып, кедергісіз ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ ол облыстық кезеңнің жеңімпаз командасы республикалық сайыста Сыр елінің намысын қорғайтынын жеткізді.

Фестивальді ұйымдастыруға партияның облыстық филиалы, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері және басқарма басшылары атсалысты.

Командалар «Біз жеңімпаз боламыз!» және «Жеңіл атлетика» деп аталатын екі кезең бойынша жүгіру, секіру, эстафета сынды түрлі спорт түрлерінен бақ сынасты.

Оқушылар арасындағы жарыс бас-аяғы үш сағатқа созылды. Сайыс қорытындысы бойынша «Біз жеңімпаз боламыз!» кезеңінде ересек топтардан I орынды Арал ауданы, II орынды Қызылорда қаласы, III орынды Шиелі ауданы командасы иеленсе, кіші топтар арасынан I орын Шиелі, II орын Арал және III орын Қазалы ауданының командалары жеңіп алды.

Ал «Жеңіл атлетика» сайысында ересек топтар арасында I орынды Сырдария, II орын Арал және III орынды Шиелі ауданынан келген балалар қанжығаласа, кіші топтар арасынан I орынды Арал ауданы, II орын Қазалы және III орынды Қызылорда қаласының командасы иеленді.

Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар өзге де қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін арнайы дипломдар, сыйлықтар табысталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.