Түркістан облысында «КІТАП-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығында кітап күні аталып өтті
Жиналған кітапсүйер қауым ұсынылған әдебиеттермен тереңірек танысып, өздеріне қажетті қызықты мағлұматтар алды
Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалындағы «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығында «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты кітап көрмесі өтті6 деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Көрмеге қатысқан Жетісай қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының оқушылары «Қазақстан жазушылары балаларға», «Әлем балалар әдебиеті», «Ең ақылды кітаптар», «Оқимыз –ойнаймыз», «Сиқырлы ертегілер» атты бөлімдерден тұрған кітап әлеміне сяахат жасады.
Көрмеде келушілер әйгілі ертекші-жазушы Ханс Кристиан Андерсеннің шығармаларымен танысты. «Қазақстан жазушылары балаларға» атты бөлімінде «Балалар әдебиетінің алтын қоры» сериясымен шыққан қазақ балалар әдебиеті классиктерінің ең үздік туындыларын ұсынылды. Сонымен бірге, кішкентай оқырман қауымға арналған М.Әлімбаевтың өлеңдері, тақпақтары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары енген Алматы: «Раритет» баспасымен жарық көрген «Балдәурен» кітабы да келушілерді қызықтырды. Халқымыздың аса көрнекті ағартушысы, ақыл – ойшысы, қоғам қайраткері Ы. Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі мен өлеңдері, әңгімелері мен очерктері, хаттар енген жинағы қойылды.
«Әлем балалар әдебиеті» бөлімінде есімдері дүниежүзіне әйгілі, әлемдік балалар классиктері Корней Чуковский мен Агния Бартоның «Балауса» баспасынан шыққан өлеңдері мен дастандары таныстырылды. Рухани әлемінің қайнар бұлағының бірі ол ертегілер. Ертегілер халықтың үміт- тілегінен, аңсар-арманынан, ұшқыр қиялынан туған. Әлем ертегілерін құрастырған Оразақын Асқардың «Әлем халықтарының ертегілері» оқушылар назарына ұсынылды.Көрмерменге тартымды, әрі қызықты болған бөлімнің бірі -- «Ең ақылды кітаптар» қатары болды. Бұл бөлімге көркем тілмен қысқа әрі нұсқа жазылған, балалардың «100 мың неге?» деген сұрағына жауап беретін, түрлі-түсті анықтамалар қойылды. «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығына жиналған кітапсүйер қауым ұсынылған әдебиеттермен тереңірек танысып, өздеріне қажетті қызықты мағлұматтар алды.
Айта кетейік, өткен жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылығы орталығы ашылған. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейтіп, оларды баспадан шыққан қазақ тілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуі қарастырылған. Орталықта жұртшылық кітапты жазып алып та, сатып алып та оқуына мүмкіндік бар.