Қытай шенеуніктер мен партия қызметкерлерін қалай даярлайды
Былтыр академия 50 мың кадр даярлаған

Бейжіңдегі Ұлттық басқару академиясы – әлем бойынша партиялық басқарудың ең ірісі. Биыл академияның құрылғанына 99 жыл толып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық бақсару академиясы 3 корпустан тұрады. Корпустың алдында ҰХР негізін қалаушы, қытайдың коммунистік революционері Мао Цзэдуннің ескерткіші орнатылған. Академияда білім алатындарға жағдай жақсы жасалған. Серігетін, тынығатын саябаққа дейін бар.
ҚКП Орталық комитеті Ұлттық басқару академиясының вице-президенті Се Чунтао ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзі де аталған академияны басқарғанын айтты.
«Академияның 4 міндеті бар. Ол партияға кадр даярлаумен айналысады. Біз білікті, білімді кадрларды қала басшысы, аймақ басшысы, мэрі сынды кадрларды даярлап шығарамыз. ҚХР-ның Социалистік жүйесі және Қытай элементтері бар мемлекеттік басқару моделі қытай тарихының мыңдаған жылдарында әлеуметтік және мәдени негізде дамыды», - дейді ол.
Чунтао атағандай, өткен жылы академия 50 мыңнан астам кадрды даярлап берген. Онлайн түрде 300 мыңнан астам кадр оқыған. Академия білім алушыларды бірнеше бағыт бойынша оқытады.
ҚКП тарихымен танысқан соң, кадрлар марксизм бойынша оқиды. Сондай-ақ Мао Цзэдуннан бастап Си Цзиньпиннің басқару моделіне дейін академияға келгендер біліктілігін арттырады.
«ҚКП мүшелері дәстүрлі қытай мирасының мұрагерлері. Бұл ережелер өзгеріссіз және мәңгілік болып қалады. «Ізгілік пен әділеттілік басым болған кезде, бүкіл әлем біртұтас қауымдастыққа айналды», - дейді ол.
Академия кадр даярлау арқылы бүкіл қытайдың тұтастығын сақтап отыр.
«Көпшіліктің байырғы мүдделерін жүзеге асыру мемлекеттік басқарудың негізгі міндеті. Адамдарды бірінші орынға қою - Си Цзиньпиннің жаңа дәуірдегі Қытай ерекшелігі бар социализм идеясының маңызды постулаты. Бүгінде Қытай тарихында қалыптасқан идеал әлем мен мемлекеттік құрылым туралы көптеген идеяны жүзеге асырудың инновациялық мүмкіндіктері бар», - дейді ол.
Сондай-ақ академияның вице-президенті Қытайдың халықаралық қарым-қатынасы мен елдегі өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет жайлы айтты.
«Біз бірлескен ұлт моделін құрғанда Қытайдағы өзге ұлт өкілдерін де ескереміз. Елімізде 56 ұлт өкілдері өмір сүреді. Олардың барлығы ерекшелігін ұстанады. Бөлек провинциялар мен автономиялық аймақтар да бар. Бұл ішкі ерекшелікті сақтай отыра бірлесуді білдіреді», - дейді Се Чунтао.