«AMANAT» партиясы БҚО-ға 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Жүк көлігіне тұрмыстық және гигиеналық заттар, моторлы қайық, қап, күрек, су, етік және тағы басқа қажет заттар тиелді

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалынан Батыс Қазақстан облысына кезекті гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бастауыш партия ұйымдары, партия мүшелерінің қолдауымен жиналған 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек 16 сәуір күні жолға шықты.
Жүк көлігіне тұрмыстық және гигиеналық заттар, моторлы қайық, қап, күрек, су, етік және тағы басқа қажет заттар тиелді.
«Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға «AMANAT» партиясының әр облыстағы филиалы өзінің шама шарқынша көмектесіп жатыр. Мәжіліс депуттары, партияның белді азаматтары, «Жастар рухы» жастар қанатының қыз-жігіттері ел арасында жүр. Әрқайсысы өз деңгейінде тиісті шараларды қабылдап, азаматтардың иығына түскен ауырпалықты қатар еңсеріп келеді», - дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Бұған дейін партияның елордалық филиалы қала әкімдігімен, мәслихат депутаттарымен, Бастауыш партия ұйымдарымен, шағын, орта және ірі кәсіп өкілдерімен бірлесіп Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберген еді.