Павлодар облысында жыл басынан бері 127 ит иесі жауапқа тартылды
Құқық бұзушыларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды
Павлодар облысында қабаған ит иелері жауапқа тартылды. Тұрғындар тұмылдырықсыз жүрген иттерге байланысты полцияға шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 127 ит иесі жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жазаланды.
Мәселен, Павлодар қаласының полициясына Айманов көшесі, 15 үй тұрғындарынан балалар алаңында әйел адам итпен тұмылдырықсыз серуендеп жүргені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Ал, басқа жағдайда, қала тұрғындары №10 және 28 мектептердің аумағында иттер қаптап кеткені туралы хабарлады. Сондай-ақ, полицияға облыстың екі тұрғыны қоңырау шалып, иттердің қабуы туралы айтқан болатын. Екі жағдайда да қыз балаларды ит қауып алды.
«Шақыруға келген тәртіп сақшылары ит иелерін жауапқа тартты. Құқық бұзушыларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, ит иелерімен жануарларды серуендету ережелерін бұзуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді», – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Тәртіп сақшысының айтуынша, үй жануарларының иелері жеке тұрғын үй иелері иттерді жеке ауланың шекарасында ұстауы керек. Бұдан басқа, он алты жасқа толмаған адамдарға жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.