Қосшыдағы су мәселесін шешу үшін инвесторлардың қаражатын тарту көзделген

Azattyq Rýhy

Әуел баста 20 мың адамға есептелген елді мекенде қазір 110 мың халық өмір сүреді

Қосшыдағы су мәселесін шешу үшін инвесторлардың қаражатын тарту көзделген
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Су беру жүйесі Қазақстан үшін ғана емес, жалпы әлемнің көптеген елдері үшін стратегиялық маңызы зор сала. Жерінің жартысынан астамы шөлейт және трансшекаралық өзен суына тәуелді Қазақстан үшін ауызсу қазірдің өзінде өзекті болып отыр. Мамандардың болжауынша, жақын арадағы 20-30 жылдың өзінде Қазақстан тығырыққа тіреліп, «су мұнайдан да қымбат болады» деген болжам шындыққа жақындай түседі, деп жазады Azattyq Ruhy тілшісі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судың проблемасын елдік және халықаралық деңгейдегі жиындарда талай айтып жүр. Президент тапсырмасына орай, тиісті шаралар қабылданып,  оны шешудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр.

Осы жылдың басында ҚР Үкіметі Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын қабылдады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Тұжырымдама аясында еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту қарастырылып отыр.

АСТАНА МЕН ОНЫҢ МАҢЫНДАҒЫ АУЫЛДАРДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫ

Астана мен оған жапсарлас орналасқан елді-мекендердегі ауызсу мәселесі өткен жылдың жазында қатты байқалды. Тіпті елорданың төрінде тұратын тұрғын үйлер жаздың ыстығында сусыз қалды. Бұған тұрғындар наразылық білдіріп, тіпті жолдарды бөгеп, митингке шықты. Дәл осындай жағдай 2019 жылы Қосшы кентінде де болды. Еріген қар суының көбеюі және Қарағанды облысындағы су қоймасынан жиналған көп суды ағызу салдарынан Нұра өзені арнасынан асып, Қосшы ауылы (сол кезде Қосшы ауылы - автор) аумағындағы насос стансасының 5 жаңа ұңғымасы судың астында қалды. Лай судан насос стансасының су қабылдағыш сеткасы істен шықты. Соның салдарынан, көппәтерлі үйлерде тұратын тұрғындар апталап ауызсусыз қалған еді. Кейін бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, Қосшы аулының ауызсу мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Содан кейін жаңадан төрт ұңғыма қазылып, кентті сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқандай болды.

ҚАЛА СТАТУСЫН АЛҒАН ҚОСШЫДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫ ҚАЛАЙ ШЕШІЛІП ЖАТЫР?

2021 жылы жаз айында Президенттің Жарлығымен Қосшы қала мәртебесіне ие болды. Қала тұрғындарының саны тағы да өсе түсті. Су тапшылығы мәселесі де түбегейлі шешімін таппады. Әсіресе жаз айларында су қысымының шамадан тыс төмендеуі жыл сайын байқалып қалады. Осының салдарынан қаладағы көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына су жетпей жататыны жасырын емес. Оның себебі мен салдарлары жетерлік. Мамандар мұның негізгі себептерінің бірі ретінде қала халқының күн санап өсуі дейді.

Алайда қала құрылысын қадағалап отырған мамандар аталған мәселенің болашақта шешімі болатынын айтады.

«Қосшы қаласында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін жеке инвесторлардың қаражатын тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта қала үшін негізгі су алу көзі болып отырған Нижнероманов кен орнынан Қосшы қаласына дейін екінші кезеңмен су тарту және су құбырын салудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда. Аталған жоба қала тұрғындарына су беру көлемін тәулігіне 10-15 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қосшы қаласының құрылыс бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрлан Садыров.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Ауыз су тапшылығы әлемдік құбылыс болғандықтан, дамыған елдердің көпшілігі суды үнемді пайдаланудың техикасы мен технологияларына баяғыдан көшіп алды. Жалпы суды үнемдеуде жапондық және Израиль технологиялары озық үлгі болып саналады. Жапондықтар суды үнемдеу бойынша біре­гей технологияларын үнемі жетіл­діруден бір шаршаған емес. Мәселен, жапондық Toto компаниясы адам жуынғанда су аз мөлшерде құйылса да мол аққандай әсер беретін құрал жасап шығарған. Мұн­дай сантехникалық құралды пайдаланған кезде суды 35 пайызға үнемдеуге болады. Сонымен қатар осын­дай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасап шығарған.

Тиісті сала мамандары бұл бағытта Қосшы қаласында да судың есепсіз пайдалануын анықтайтын шараларды жүргізіп тұрады. Ол үшін жеке меншік тұрғын үй алаптарындағы жер асты су құбырларының жұмыс жағдайлары тексеріліп, тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін алға тартады.

Қалай дегенмен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ауқымды жұмыс. Әрине, бұл бір уақытта шешімін табатын мәселе емес. Оның үстіне жоғарыда айтып өткеніміздей, қала халқы үздіксіз өсіп отыр, бұл да мәселені бірден шешуге үлкен қолбайлау. «Қосшы Су» мекемесінің  басшысы Ерғали Дүйсенұлының айтуынша, соңғы бас жоспар бойынша 20 мың халық тұрады деп есептелген елді мекенде қазіргі таңда 110 мың халық өмір сүреді. Сондықтан, бар суды үнеммен пайдалану және тұрғындардың суды үнемді пайдалану мәдениетін арттыру да маңызды болып есептеледі.

«Біздің кәсіпорынға кешенді жоспар аясында ең алдымен қала халқын жоғары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Қосшы қаласының негізгі су көзі Нижнероманов кен орны. Бізде 29 су ұңғымасы бар, әзірге  21 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Тәулігіне Қосшы қаласы 6-7 мың текше метр ауыз су пайдаланады. Ал жазда 10 мың текше метрге дейін жетеді. Алдағы уақытта Қосшы қаласының аумағында қосымша су ұңғымаларын  орнату жоспарланып отыр. Себебі, өздеріңіз білетіндей, қала халқы жылдам өсіп келеді. Соңғы бас жоспар бойынша 20 мың халық тұрады деп есептелген елді мекенде қазіргі таңда 110 мың адам мекендейді. Президентіміз де соңғы жолдауында ауыз су мәселесін шұғыл түрде қолға алу туралы тапсырма берген. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін қаланы сумен қамтамасыз ету мәселесі одан да жақсарады. Орталықтандырылған сумен қамтылмаған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл су құбыры желілерін салу жобасының келесі кезеңдері басталмақ», - деді «Қосшы Су» басшысы Ерғали Дүйсенұлы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.